Семейде балалар ауруханасы салынады

Семейде балалар ауруханасы салынады

  Облысымызда балаларға арналған жаңа аурухана салу жөнінде үкіметтің шешімі қабылданды. Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. 

Биылғы жыл еліміз үшін, жалпы облысымыз үшін жақсы басталып отыр. Бүгін Рамазан айының соңғы күні үлкен және қуанышты хабар келді.  Бұл өте маңызды жаңалық, – дейді облыс әкімі. – Өйткені біздің өңірге мұндай аурухана ауадай қажет. Біз мәселені көтерген едік, үкіметтен қолдау тапты. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жоба дайын болған сәттен бастап құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Дайын жобаны алып, жұмысты бастай берейік десек, ондай балалар аурухана соңғы жылдары басқа облыстарда салынбапты.   Ал біздің облысымызда, жалпы республика бойынша балаларға арналған жаңа аурухана салынбақ,-деді аймақ басшысы.

Облыс әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауымен облыста көптеген маңызды жобалар қолға алынып, нәтижесін көрсетіп жатыр. 

Мысалы, өткен жылы жылу желілерін ауыстырдық. Биыл Семей қаласында тозығы жеткен жылу желілерін жаңарту үшін 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Мұндай мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, халықтың игілігі үшін жұмыс жасай береміз, – деді облыс басшысы.

Жаңа балалар ауруханасы  өңірдегі денсаулық сақтау саласының дамуына серпін береді деп күтілуде.


#Семей, #Денсаулық, #Абай облысы, #Абай облысының әкімі, #балалар