Семейде медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Семейде медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Семейде медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Берік Уәли, осы саланың ардагерлері және дәрігерлер қатысты. Бүгінгі таңда өңірдің денсаулық сақтау саласында 9500-ден астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың ішінде 2711 дәрігер және 6 789 орта буын қызметкерлері бар. 

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы  медицина қызметкерлерін құттықтап, охалықтың саулығы жолындағы адал еңбектері үшін алғысын жеткізді. 

«Сіздердің жоғары кәсібиліктеріңіз, жанкешті еңбектеріңіз, жүрек жылуларыңыз бен табандылықтарыңыз адамдардың жүрегіне үміт нұрын себеді. Сенім шуағын шашады. Осы өлшеусіз еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Мемлекет басшысы еліміздің медициналық инфрақұрылымын жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Семей қаласында облыстық көпбейінді клиникалық аурухана салынады. Бүгінгі айтулы күні осы аурухананың іргетасы қаланғанын, құрылыс жұмыстары жүріп жатқандығын өздеріңізге қуанышпен хабарлағалы отырмын. Бұл – шын мәнінде біздің облысымыз үшін үлкен тарихи оқиға! Өйткені, мұндай облыстық аурухана өңірімізде болған емес. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл облыста 65 жаңа бастапқы медициналық көмек көрсету пункті пайдалануға беріледі. Бұл – ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы нақты қадам болмақ. Аудан-қалаларға іссапарға шыққанда міндетті түрде денсаулық сақтау нысандарын аралап көремін. Өңір тұрғындары жаңа медициналық ғимараттардың салынғанын қуанышпен қабылдап жатыр», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы өңірдегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Курчатов қаласы, Мақаншы, Бесқарағай, Жарма, Көкпекті, Аягөз, Үржар, Шүлбі, Шар және басқа да елді мекендердегі аудандық ауруханаларды жабдықтау мен күрделі жөндеуге, цифрлық рентген аппараттары мен заманауи диагностикалық құрылғыларды сатып алуға, сондай-ақ медициналық пункттерге инженерлік инфрақұрылым тартуға және жаңа амбулаториялар салуға тиісті қаражат бөлінген.

Шара барысында өңір медицинасын дамытуға сүбелі үлес қосқан 20-дан астам азамат «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.


#Абай облысы, #Денсаулық сақтау, #Абай облысының әкімі