«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы: Өңірлік филиал мүшелері ел болашағын ашық алаңда талқылады
Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығы базасында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» коалициясының өңірлік филиалының мүшелері орталық ұжымы арасында кездесу өткізді. Іс-шара алдағы республикалық референдум аясында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелері талқыланды.

Кездесу ашық әрі мазмұнды диалог форматында ұйымдастырылды. Жиынды Коалицияның мүшесі Саят Танатаров ашты. Ол ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер саяси жүйені демократияландыруға, заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге және әлеуметтік саясаттың бағытын күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңартылған Негізгі заң денсаулық сақтау саласын қоса алғанда, стратегиялық маңызды бағыттардың тұрақты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастыратынын жеткізді.

Өз сөзінде Абай облыстық мәслихатының депутаты, Семей медицина университеті КеАҚ Басқарма Төрағасы – ректоры Алтай Дюсупов Конституция жобасында көзделген жаңашылдықтарға кеңінен тоқталып, Парламент пен өкілді органдардың рөлін күшейту, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, қоғамдық бақылау тетіктерін кеңейту және жергілікті өзін-өзі басқару мәртебесін нығайту мәселелерін атап өтті. Сонымен қатар, қолжетімді әрі сапалы білімге кепілдік беру, ғылымды қолдау, цифрлық технологиялар мен инновацияларды дамытуға қатысты нормалардың маңыздылығына назар аударды.

Семей қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Қазақстан Халық партиясы» Абай облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Кеңесбаев конституциялық реформаларды қолдау мақсатында құрылған кең ауқымды қоғамдық-саяси коалицияның қызметі туралы баяндады.
Кездесу барысында орталық қызметкерлері реформаларды іс жүзінде іске асыру тетіктеріне, жаңашылдықтардың әлеуметтік салаға ықпалына және өңірлік денсаулық сақтауды дамыту перспективаларына қатысты бірқатар сауалдар қойды. Коалиция өкілдері жан-жақты түсіндірме беріп, ел үшін маңызды шешімдер қабылдау үдерісінде азаматтық белсенділіктің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституция жобасын кәсіби ортада талқылау ел болашағына жауапкершілікпен қарауға, қоғамдық келісімді нығайтуға және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
#Абай облысы, #Денсаулық сақтау, #Конституциялық реформа