Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Экология 43 қаралымabaidan.kz

Абай облысында «Таза жағалау» акциясына 14 мыңнан астам адам қатысты

Абай облысында «Таза жағалау» акциясына 14 мыңнан астам адам қатысты

29 тамыз күні Абай облысында республикалық «Таза жағалау» экологиялық акциясы аясында өзен-көлдердің жағалау аумақтарын санитарлық тазарту жұмыстары кең көлемде ұйымдастырылды. Акцияға өңірдің 14 730-дан астам тұрғыны қатысты.

29 тамызда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен республика бойынша ауқымды «Таза жағалау» экологиялық акциясы өткізілуде. Министрлік қазақстандықтарды су айдындарының жағалаулары мен оларға іргелес аумақтарды тазарту жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.

Бұл игі бастама Абай облысында да кең қолдау тапты. Өңір тұрғындары экологиялық акцияға белсенді атсалысып, облыстың барлық елді мекендерінде санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді.

– «Таза Қазақстан» акциясы аясында министрлік арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жоспарға сәйкес Экология департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «Таза жағалау» сенбілігін ұйымдастырып отыр. Басты мақсатымыз – халықтың экологиялық мәдениеті мен экологиялық сауаттылығын арттыру, – деді Абай облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Оралхан Әуезбеков.

Семей қаласында тазалық жұмыстары Бейбітшілік аралында өтті. Іс-шараға Экология департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жастар, еріктілер және қоғам белсенділері қатысты. Облыс орталығындағы акцияға барлығы 50-ден астам адам жұмылдырылды.

Жалпы өңір бойынша экологиялық акцияға 14 730 тұрғын, 410 ұйым және 250 арнайы техника қатысты. Нәтижесінде су айдындарының жағалауындағы 89 гектар аумақ қоқыстан тазартылып, 4 024 тонна қатты тұрмыстық қалдық полигондарға шығарылды.

Абай облысында «Таза жағалау» акциясына 14 мыңнан астам адам қатысты