Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Экология 114 қаралымabaidan.kz

«Таза Қазақстан»: өңірде тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасады

«Таза Қазақстан»: өңірде тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасады

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында өңірде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Жиында елді мекендердің санитарлық жағдайы, көгалдандыру жұмыстары, заңсыз қоқыс орындарын жою және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселелері қаралды.

«Таза Қазақстан»: өңірде тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасады

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов пен облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов баяндама жасады.

315 мыңнан астам тұрғын сенбілікке қатысты

Биыл 4 сәуірден бастап облыстың барлық елді мекендерінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді. Ауқымды сенбіліктерге 315 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Тазалық жұмыстарына 6 842 ұйым мен 3 017 арнайы техника жұмылдырылды.Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 38 мың аула, 1 134 саябақ пен сквер тазартылып, полигондарға 52 216 тонна қоқыс шығарылған.Өңірдегі абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да жалғасуда. Аймақ бойынша 67 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланған болса, бүгінде оның 60 мыңы егілді. Ендігі маңызды міндет – отырғызылған көшеттердің толық жерсінуін қамтамасыз етіп, олардың күтімін тұрақты бақылауда ұстау.

«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі облыстық іс-қимыл жоспарына 44 іс-шара енгізілген. Оның 32-сі биыл өткізуге жоспарланып, 18 іс-шара бірінші және екінші тоқсанда жүзеге асырылды.

Заңсыз қоқыс орындары бақылауда

Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болуы. Биыл «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ жүргізген ғарыштық мониторинг барысында облыс аумағынан 141 қоқыс үйіндісі анықталған. Оның 133-і, яғни 94 пайызы жойылды.Алайда тазартылған аумақтарға қоқыстың қайта төгілу жағдайлары да кездеседі. Мұндай қайталама қоқыс орындарының алдын алу үшін бірқатар аудандарда бейнебақылау камералары орнатылған.

Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмысты тек қоқыс орындарын тазалаумен шектемей, олардың қайта пайда болуына жол бермеу шараларымен ұштастыру маңызды.

Экологиялық тәртіпті сақтау мақсатында жыл басынан бері облыс аумағында 2 450-ден астам рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде 9 085 құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 37 млн 691 мың 510 теңге болатын 941 айыппұл салынды.

Тазалық – бір күндік акция емес

Жиында облыс әкімі Берік Уәли «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, тазалық жұмыстарын ұйымдастырумен қатар, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға басымдық берілуі тиіс.

Аймақ басшысы көгалдандыру жоспарын толық орындауды, отырғызылған көшеттердің жерсінуі мен күтімін бақылауды, заңсыз қоқыс орындарының қайта пайда болуына жол бермеуді тапсырды. Сонымен қатар @TazaQazBot арқылы келіп түсетін өтініштерді жедел қарау, абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, рейдтік іс-шараларды жалғастыру және тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау кезінде «Таза Қазақстан» қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жоба екенін атап өтті. Біздің міндет – өткізілген сенбіліктер мен акциялардың санын көбейту ғана емес, тазалықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету, отырғызылған көшеттердің жерсінуіне бақылау жасау, заңсыз қоқыс орындарының қайта пайда болуына жол бермеу және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі Президент бастамасы аясында соңғы үш жылда өңірде ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Осы кезеңде облыс бойынша 194 402 ағаш егіліп, 454 ретсіз қоқыс орны тазартылған. Сонымен қатар екі мыңға жуық тазалық шарасы ұйымдастырылған.Берік Уәли тазалық жұмыстарын бір реттік науқан ретінде емес, тұрақты әрі жүйелі үрдіске айналдыру қажеттігін баса айтты.Осыған байланысты «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктер енді тұрақты түрде өткізілмек. Облыс әкімі әр сенбі сайын тазалық жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

«Таза Қазақстан»: өңірде тазалық жұмыстары жүйелі түрде жалғасады

Тазалық – тек мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық қызметтердің міндеті емес. Қоршаған ортаны таза ұстау, қоғамдық орындарды күтіп-баптау және табиғатқа жауапкершілікпен қарау – әр тұрғынның ортақ міндеті. «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мақсаты да осындай жауапты әрі экологиялық мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыруға бағытталған.