Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Экология 42 қаралымabaidan.kz

Абай облысында «Таза Қазақстан» аясында 52 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Абай облысында «Таза Қазақстан» аясында 52 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Абай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли жалпы қалалық сенбілікке қатысып, тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарына атсалысты.

Абай облысында «Таза Қазақстан» аясында 52 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Жалпы қалалық сенбілікке 10 мыңнан астам тұрғын шығып, қала аумағын тазартуға үлес қосты. Іс-шара барысында 1 мың текше метрден астам қоқыс шығарылып, жұмыстарға 32 арнайы техника жұмылдырылды.

Өңірде санитарлық тазалық жұмыстары 4 сәуірден бастап барлық елді мекенде тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында сенбіліктер мен абаттандыру шараларына 315 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Жұмыстарға 6 842 ұйым мен 3 017 техника тартылды.Нәтижесінде облыс аумағында 38 мың аула, 1 134 саябақ пен сквер тазартылып, полигондарға 52 216 тонна қоқыс шығарылды.Тазалықпен қатар өңірді көгалдандыру жұмыстарына да басымдық беріліп отыр. Биыл облыс бойынша 67 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 60 мыңы, яғни жоспардың 89 пайызы егілді.

«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Абай облысында 2024–2029 жылдарға арналған 44 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілген. Биыл жоспар бойынша 32 іс-шара өткізу көзделсе, оның 18-і бірінші және екінші тоқсандарда жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, ай сайын экологиялық акциялар мен тазалық шаралары ұйымдастырылып келеді.Бағдарлама аясында санитарлық талаптардың сақталуы мен заңсыз қоқыс орындарын жою мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Биыл 330 рейд ұйымдастырылып, 2 178 құқық бұзушылық анықталған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша 8 302 хаттама толтырылды.

Абай облысында «Таза Қазақстан» аясында 52 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Сонымен қатар ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 141 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісінің 133-і жойылды.

Облыс әкімі Берік Уәли «Таза Қазақстан» бастамасы бір реттік сенбілікпен шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты – тазалықты күнделікті өмір салтына айналдырып, әр тұрғынның өзі тұратын елді мекенге деген жауапкершілігін қалыптастыру.

«Тазалық тек сенбілік кезінде атқарылатын жұмыс болмауы керек. «Таза Қазақстанның» негізгі мақсаты – әр тұрғынның өзі тұратын елді мекенге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру. Облыста ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен тазалықты сақтау, көгалдандыру, заңсыз қоқыс орындарына жол бермеу бағытында әлі де атқаратын шаруа көп. Бұл жұмыс үздіксіз жалғасуы тиіс. Таза әрі көркейген елді мекен – ең алдымен сол жерде тұратын халықтың ортақ еңбегінің нәтижесі», – деді Берік Уәли.

Өңірде абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Басты мақсат – елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын тұрақты экологиялық мәдениет қалыптастыру.