ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нүркен Шәрбиев Абай облысы жұртшылығымен және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Жиында өңірдегі экологиялық ахуал, қалдықтарды басқару жүйесі және орман шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, инфрақұрылымды жаңғырту мен табиғи экожүйелерді қорғауға қатысты бірқатар міндеттер айқындалды.
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нүркен Шәрбиевтің айтуынша, өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу үшін жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмыс қажет.

«Жалпы, өңірдегі экологиялық мәселелер бір күнде шешілмейді. Мұнда инфрақұрылымды жаңғырту, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру, шығарындыларды азайту және орман экожүйелерін қорғау бойынша жүйелі жұмыс қажет», – деді Нүркен Шәрбиев.
Өңірдегі негізгі мәселелердің бірі – қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару. Абай облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған 170 нысан бар. Алайда олардың небәрі 6-уы, яғни шамамен 3,5 пайызы ғана экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкес келеді. Бұл жағдай қалдықтарды жинау, сұрыптау, тасымалдау және орналастыру инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызын көрсетеді. Семей қаласында осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – жаңа заманауи полигон салу жобасы. Жобаның құны 8,97 млрд теңгені құрайды. Құрылысқа 100 гектар жер учаскесі бөлінген. Жобаны кәдеге жарату төлемдері есебінен жеңілдетілген лизинг тетігі арқылы іске асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыста кәдеге жарату төлемдері есебінен жеңілдетілген қаржыландыру аясында қағаз қалдықтарын қайта өңдеуге бағытталған екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 2,3 млрд теңгеден асады, ал жиынтық өндірістік қуаты жылына шамамен 17,5 мың тоннаны құрайды.
Облыста «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Биыл санитарлық тазалау жұмыстары мен сенбіліктерге 367 мыңнан астам тұрғын қатысты. Нәтижесінде 39 мың аула, 1 241 саябақ пен сквер тазартылып, полигондарға 54,8 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.
Көгалдандыру жоспары бойынша өңірде 67 мың көшет отырғызу көзделген. Бүгінде оның 64 318-і отырғызылды.
Бұл жұмыстар қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етумен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және елді мекендердің абаттандырылуын жақсартуға бағытталған.

Жұмыс сапары барысында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметіне де ерекше назар аударылды. Резерваттың жалпы аумағы 657 мың гектардан асады. Орман өрттерін жедел анықтау және сөндіру үшін мұнда 30 орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар 40 ерте анықтау камерасы 540 мың гектар аумақты, яғни резерваттың шамамен 85 пайызын қамтиды. 2026 жылғы 28 қыркүйектегі жағдай бойынша резерват аумағында 203 орман өрті тіркелген. Өрт шарпыған жалпы аумақ 1 126,3 гектарды құрады. Осыған байланысты орман өрттерінің алдын алу, материалдық-техникалық базаны нығайту және орман алқаптарын қалпына келтіру жұмыстары тұрақты бақылауда.
2021–2026 жылдары резерватта 25,6 мың гектардан астам аумақта орман дақылдарын отырғызу және толықтыру жұмыстары жүргізілді. Осы кезеңде 115 млн-нан астам қарағай көшеті отырғызылды.
Абай облысындағы экологиялық ахуалды жақсарту бірнеше бағыттағы жұмысты қатар жүргізуді талап етеді. Оның ішінде қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жаңғырту, қайта өңдеу көлемін ұлғайту, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту, орман өрттерінің алдын алу және бүлінген орман алқаптарын қалпына келтіру маңызды орын алады.
«Министрлік облыс әкімдігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған мәселелердің шешілуін тұрақты бақылауда ұстайды», – деді вице-министр.
Осылайша, Абай облысындағы экологиялық мәселелерді шешу тек жекелеген жобалармен шектелмей, қалдықтарды басқарудан бастап орман экожүйелерін қорғауға дейінгі кешенді шараларды қамтитын ұзақ мерзімді жұмысты қажет ететіндігі айтылды. Жиын соңында вице-министр БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, қойылған сұрақтарға жауап берді.




