Жолдау 75 қаралымabaidan.kz

«Bir Tolqynda»: Жастар Жолдаудағы маңызды бастамаларды талқылады

«Bir Tolqynda»: Жастар Жолдаудағы маңызды бастамаларды талқылады

Семей медицина университетінде «Bir Tolqynda» диалогтік алаңы өтіп, жастар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әлеуметтік-экономикалық бастамалар мен ел дамуының басым бағыттарын талқылады. Кездесуде 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау, ең төменгі жалақыны 100 мың теңгеге дейін көтеру, қалалардың цифрлық моделін әзірлеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері сөз болды.

Диалогтік алаңға «Жастар Рухы» жастар қанаты Абай облыстық филиалының төрағасы Темірлан Бақтияров пен Alikhan Bokeikhan University «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Аман Рахметуллин қатысты.

«Bir Tolqynda»: Жастар Жолдаудағы маңызды бастамаларды талқылады

Кездесудің негізгі мақсаты — Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген бастамалардың маңызын түсіндіру, олардың қоғам өміріне ықпалын саралау және жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал ету.

Аман Рахметуллин Жолдауда айтылған инфрақұрылымдық жаңғыру мен құқықтық реформалардың мәніне тоқталып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруде цифрлық технологиялар мен заңнамалық өзгерістердің маңызы зор екенін атап өтті.

Саясаттанушының айтуынша, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу және қалалардың цифрлық сыңарын қалыптастыру мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және азаматтар мен бизнес үшін қолайлы құқықтық орта құруға мүмкіндік береді.

«Елдің дамуы жаңа нысандар салумен ғана шектелмейді. Қаланың инфрақұрылымын цифрлық модель арқылы басқару ресурстарды тиімді жоспарлауға, ал заңнаманы жаңарту азаматтар мен бизнес үшін түсінікті әрі тұрақты құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы — бұл өзгерістер нақты қажеттіліктерге жауап беруі керек», — деді Аман Рахметуллин.

Оның пікірінше, ауқымды құрылыс жұмыстары мен цифрлық жаңғыру өзара сабақтасып, қалалардың дамуына, инфрақұрылым сапасының артуына және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталуы тиіс.

«Bir Tolqynda»: Жастар Жолдаудағы маңызды бастамаларды талқылады

Кездесу барысында Темірлан Бақтияров жастардың қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы, еңбекке жауапкершілікпен қарауы және қоршаған ортаға жанашырлық танытуы мәселелеріне назар аударды. Ол «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы рөлін атап өтті.

«Таза Қазақстан» — тек қоршаған ортаны тазарту емес, ортақ кеңістікке деген жауапкершілікті қалыптастыру. Әр адам өз ауласына, көшесіне, қаласына жанашырлықпен қараса, бұл мәдениет қоғамның ортақ құндылығына айналады. Біз жуырда «Таза Қазақстан» идеясын насихаттауға бағытталған ROAD эстафетасын өткізіп, жастардың экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дәріптеуге атсалысуына мүмкіндік жасадық. Осындай бастамалар жастарды ортақ іске жұмылдырып, елге деген жанашырлықты нақты іспен көрсетуге жол ашады», — деді Темірлан Бақтияров.

Оның айтуынша, жастардың қоғамдық жұмыстарға араласуы олардың бойында жауапкершілік, белсенділік және ел болашағына деген жанашырлық қасиеттерін қалыптастырады. Мұндай бастамалар қоғамның бірлігін нығайтып, ортақ құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.

Жолдаудағы маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі — 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көтеру. Бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның табысын арттыруға ықпал етуге тиіс.

Ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі халықтың әл-ауқатын жақсарту, еңбекке деген ынтаны арттыру және әлеуметтік қолдауды күшейту тұрғысынан маңызды. Сонымен қатар құрылыс пен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамалар елді мекендердің әлеуетін арттырып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Диалогтік алаңда студенттер осы бастамалардың жүзеге асу мүмкіндіктері мен ықтимал нәтижелерін талқылап, құрылыс саласын дамыту, жалақы деңгейі, цифрлық технологияларды енгізу және экологиялық мәдениетті нығайту жөнінде пікір алмасты.

«Bir Tolqynda»: Жастар Жолдаудағы маңызды бастамаларды талқылады

«Bir Tolqynda» кездесуі жастардың ел дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауына, сарапшылармен пікір алмасуына және қоғамдық үдерістерге қатысты көзқарастарын қалыптастыруына мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген бастамалар инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және азаматтық жауапкершілікті арттыру сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Олардың нәтижелі жүзеге асуы мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысына ғана емес, қоғамның, әсіресе жастардың белсенді қатысуына да байланысты. Осындай диалогтік кездесулер жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге қызығушылығын арттырып, ел болашағына қатысты мәселелерді саналы түрде талқылауға жол ашады.