Елестетіп көріңіз: сіздің ұлыңыз, қызыңыз, бауырыңыз немесе жақын досыңыз соңғы кезде интернетте бұрынғыдан да көп уақыт өткізетін болды. Әлеуметтік желілерден көрген бейнероликтерді жиі талқылайды, белгілі бір парақшалар мен арналардың ақпараттарына ғана сенеді. Кейбір жаңалықтарды тексермей-ақ шындық деп қабылдайды, ал өзгеше пікір айтқандарға ашулана бастайды.
Бір қарағанда, бұл жай ғана интернетке деген қызығушылық сияқты көрінуі мүмкін. Алайда әлеуметтік желілерде ақпараттың көптігі, жалған жаңалықтар, манипуляциялық контент, өшпенділікке шақыратын материалдар мен деструктивті идеологияны насихаттайтын жарияланымдар адамның көзқарасына әсер етуі мүмкін.
Осындай жағдайда адамның медиасауаттылығымаңызды рөл атқарады.
Неліктен медиасауаттылық маңызды?
Медиасауаттылықты ақпараттық ортадағы өзіндік «иммунитетке» теңеуге болады. Адам ағзасы түрлі қауіптерден қорғану үшін иммунитетке мұқтаж болса, қазіргі адам ақпараттық кеңістіктегі манипуляциялардан қорғану үшін сыни ойлау мен ақпаратты тексеру дағдыларына мұқтаж.
Бүгінде кез келген адам әлеуметтік желіге ақпарат жариялай алады. Бірнеше секунд ішінде бейнеролик, сурет немесе мәтін мыңдаған адамға таралуы мүмкін. Бірақ оның кең таралуы ақпараттың міндетті түрде шынайы екенін білдірмейді.
Мысалы, студент әлеуметтік желіден «барлық мәселенің себебі белгілі бір адамдарда» деген мазмұндағы эмоционалды бейнеролик көреді. Видеода нақты деректерден гөрі қорқыныш пен ашу сезімін тудыратын сөздер көп. Егер адам мұндай ақпаратты тексермей қабылдаса, оның белгілі бір адамдарға немесе әлеуметтік топтарға деген көзқарасы өзгеруі мүмкін.
Ал медиасауатты адам ақпаратты бірден қабылдамайды. Ол:
ақпараттың қайдан шыққанын анықтайды;
авторы мен дереккөзін тексереді;
басқа ақпарат көздерімен салыстырады;
факті мен пікірді ажыратады;
эмоцияға әсер ететін тақырыптарға сыни қарайды;
ақпаратты таратпас бұрын оның шынайылығына көз жеткізеді.
Қауіп қайдан туындайды?
Ақпараттық қауіптің негізгі ерекшелігі - оның әрдайым ашық түрде байқалабермейтіндігінде. Кейбір деструктивті ресурстар өз мақсатын бірден көрсетпейді. Алдымен қызықты немесе бейтарап контент жариялап, адамның назарын аударуы мүмкін. Кейін біртіндеп белгілі бір көзқарастарды насихаттайтын материалдар ұсынылады. Әлеуметтік желілердегі алгоритмдер де адамның бұрын көрген контентіне ұқсас материалдарды қайта-қайта көрсетуі мүмкін. Нәтижесінде адам бір ғана көзқарас басым болатын ақпараттық ортаға түсіп қалуы ықтимал. Мысалы, жасөспірім немесе студент бір тақырыптағы бірнеше бейнероликті көрді делік. Кейін оған дәл сондай мазмұндағы басқа жарияланымдар ұсыныла береді. Уақыт өте келе ол тек сол ақпаратты көріп, басқа көзқарастармен таныспауы мүмкін. Мұндай жағдайда адамның белгілі бір ақпаратты «бәрі осылай ойлайды» деп қабылдау қаупі артады. Сондықтан медиасауаттылықтың маңызды қағидаларының бірі бір ақпарат көзімен шектелмеу.
Манипуляцияны қалай тануға болады?
Манипуляциялық контент адамның эмоциясына әсер етуге тырысады. Әсіресе қорқыныш, ашу, жеккөрушілік немесе шамадан тыс таңданыс тудыратын материалдарға сақ болған жөн.
Мысалы, мынадай тіркестер назар аударуды қажет етеді:
«Мұны ешкім сізге айтпайды»;
«Шындықты тек біз білеміз»;
«Басқа ақпарат көздерінің бәрі өтірік айтады»;
«Қазір бірден әрекет етпесең, кеш болады»;
«Бізге сенбегендердің бәрі жау».
Мұндай сөздер адамның сыни ойлау қабілетін айналып өтіп, эмоция арқылы шешім қабылдатуға бағытталуы мүмкін.
Сондықтан кез келген ақпаратқа қатысты қарапайым сұрақтар қою маңызды:
Бұл ақпаратты кім жариялады?
Оның мақсаты қандай?
Қандай дәлел келтірілген?
Ақпарат басқа дереккөздерде бар ма?
Менің эмоциямды әдейі қоздыруға тырысып отырған жоқ па?
Қандай белгілерге назар аудару керек?
Интернетте белгілі бір тақырыпқа қызығушылық таныту немесе адамның көзқарасының өзгеруі өздігінен қауіпті құбылыс емес. Адамның жаңа ақпарат іздеуі, пікірін өзгертуі – қалыпты жағдай.
Алайда ақпаратты қабылдау тәсіліне назар аудару маңызды.
Мысалы:
ақпаратты дереккөзін тексермей қабылдау;
кез келген жарияланымды шындық деп санау;
тек бір ғана арнадан немесе парақшадан ақпарат алу;
басқа пікірлерді толығымен жоққа шығару;
эмоциялық және арандатушылық контентті жиі тарату;
жалған ақпаратты немесе тексерілмеген мәліметтерді достарына жіберу;
«біз және олар» деген қарама-қарсы түсінікті қалыптастыратын материалдарға сену;
қоғамның белгілі бір тобына қатысты өшпенділік немесе төзбеушілік тудыратын ақпаратты қабылдау.
Бұл белгілердің ешқайсысы жеке-дара адамның қандай да бір деструктивті идеологияның ықпалында екенін білдірмейді. Бірақ олар ақпаратты қабылдау мәдениетіне көбірек көңіл бөлу қажеттігін көрсетуі мүмкін.
Медиасауатты болу үшін не істеу керек?
Ең қарапайым тәсіл ақпаратты толық тексеріпсалыстыру қағидаты бойынша қабылдау. Біріншіден, қатты эмоция тудырған ақпаратты бірден таратпаңыз. Қорқыныш пен ашуға негізделген контент адамның асығыс шешім қабылдауына әсер етуі мүмкін. Екіншіден, ақпараттың авторын, жарияланған уақытын және бастапқы дереккөзін анықтаңыз. Үшіншіден, ақпаратты бірнеше сенімді дереккөзден тексеріңіз. Бір ғана парақшадағы мәліметпен шектелмеңіз. Сонымен қатар фото мен бейненің контекстен жұлынып алынбағанына, тақырыптың мазмұнға сәйкес келетініне және статистикалық деректердің нақты дереккөзге сүйенетініне назар аудару қажет.
Балаларды ақпараттық қауіптен қалай қорғауға болады?
Балалар мен жасөспірімдер интернеттегі ақпаратты қабылдауда ересектердің қолдауына мұқтаж.
Оларға «мына ақпарат дұрыс, мынауы қате» депдайын жауап беруден гөрі, ақпаратты өз бетінше тексеру дағдысын қалыптастыру маңызды.
Мысалы, бала әлеуметтік желіден күмәнді ақпарат көрсе, ата-анасы оны бірден сынамай:
«Бұл ақпаратты кім жариялаған?»
«Оған қандай дәлел келтірілген?»
«Басқа дереккөздерде бұл туралы не жазылған?»
деген сұрақтар арқылы бірге талқылай алады.
Мұндай тәсіл баланың сыни ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі.
Ақпараттық қауіпсіздік - әр адамның жауапкершілігі
Қазіргі қоғамда ақпаратпен жұмыс істей білу оқу, жұмыс немесе қарым-қатынас сияқты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Медиасауаттылық – тек жалған жаңалықты анықтау қабілеті емес. Бұл – ақпаратты сыни бағалау, дереккөзге күмәнмен қарау, факті мен пікірді ажырату, эмоциялық манипуляцияны тану және өзің қабылдаған ақпарат үшін жауапкершілікпен қарау. Медиасауатты адам кез келген ақпаратқа соқыр сеніммен қарамайды. Ол сұрақ қояды, тексереді, салыстырады және содан кейін ғана қорытынды жасайды. Сондықтан медиасауаттылықты арттыру – қазіргі ақпараттық қоғамдағы әр азамат үшін маңызды дағды.
Ақпарат көп заманда ең маңыздысы – бәрін білу емес, ненің шын, ненің жалған екенін ажырата білу.
Абай облысының дін істері басқармасынының бөлім басшысы
Л. Смайлова




