Абай облысында 102 әлеуметтік нысан салу жоспарлануда
2024 жылы өңірде 102 әлеуметтік нысан салу жоспарда бар. Тізімде денсаулық сақтау нысандарына басымдық берілген. Олардың саны – 67. Айта кететіні, жобалардың бір бөлігі өткен жылы басталған. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков мәлімдеді, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі.
- 2024 жылы бюджет қаражаты есебінен 102 әлеуметтік нысан салу жоспарланып отыр. Оның ішінде: денсаулық сақтау саласында – 67, білім беру саласында – 16, спорт саласында – 9, мәдениет саласында – 3, әлеуметтік қамту саласында – 1 және басқа салаларда – 6 нысан, - деп атап өтті басқарма басшысы.
2023 жылы басталған 14 нысан бар. Олардың қатарында Мақаншы ауданында балабақша, Бородулиха ауданыныда денешынықтыру және сауықтыру орталығы, Көкпекті ауданында бассейн, Үржар ауданында мәдениет үйі және тағы басқа нысандар бар.
- Халықтың қосымша медициналық мекемелерге қажеттілігін ескере отырып, 2024 жылы құрылыс басқармасы инвесторлар есебінен өтеусіз негізде 5 объектінің құрылысына ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Олардың қатарында Семейдегі 300 орындық көпсалалы балалар ауруханасы, облыстық қан орталығы, қаланың оң және сол жағалау бөліктеріндегі емханалар, 400 орындық көпсалалы облыстық аурухана бар, - деді Айдын Бегімбеков.
Облыстағы мектептерде оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін құрылыс басқармасы 2024 жылы білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 12 жобаның ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмысты жалғастыруда. Бұл алты шағын мектеп және жұмыс істеп тұрған мектептерге 6 қосымша ғимараттар салу жоспарланып отыр.