Абай облысында 2024 жылы 104 әлеуметтік нысан салу жоспарланып отыр

Абай облысында 2024 жылы 104 әлеуметтік нысан салу жоспарланып отыр

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиынға басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты, - деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Отырыста 2023 жылғы өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалу қорытындысы қаралып, 2024 жылға арналған жоспар бекітіліп, жаңа және ауыспалы жобалардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу барысы талқыланды.

Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде 2023 жылы облыста 27 557 жұмыс орны құрылып, жоспар 110,6%-ға орындалды.

 2024 жылға қарай бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 23 879 жұмыс орнын құру, 484 шағын несие беру және 204 грант беру жоспарланған.

2024 жылы бюджет қаражаты есебінен 104 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған. 

Оның ішінде: денсаулық сақтау саласында – 67 нысан, әлеуметтік қамсыздандыру саласында – 1 нысан, білім беру саласында – 16 нысан, 11 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны. 

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 55 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның бірі 2023 жылдан бастап қолданысқа енді. 

Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы 141 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырып жатыр.

Отырыста қалалық/аудандық әкімдік пен облыстық басқармалардың жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жұмыстары да талқыланды. 2023 жылдың қорытындысында Абай облысының жергілікті атқарушы органдарына 29 481 өтініш келіп түскен. 

Азаматтарды қабылдау орталығында жеке қабылдаулар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.


#Абай облысы, #экономика