Бақылау-кассалық машиналар: 2020 жылдан бастап қандай талаптар өзгереді?
Семей қаласында бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) қолдану тәртібі мен жаңа талаптар түсіндірілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті камералдық мониторинг басқармасының бөлім басшысы Қарлығаш Нұрғалиева мәлімдеді. Оның айтуынша, ҚР Салық кодексінің 110-бабына сәйкес, ел аумағындағы барлық ақшалай есеп айырысу мемлекеттік тізімге енгізілген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар БКМ арқылы жүргізілуге тиіс. Спикер БКМ қолдану оларды есепке қою және есептен шығару, тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу, пайдалану және техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ фискалдық деректерді операторлар арқылы мемлекеттік кірістер органдарына беру процестерін қамтитынын атап өтті. Бұл қызметтің барлығы электрондық форматта, яғни «электрондық үкімет» порталы немесе фискалдық деректер операторлары арқылы іске асырылады.
– 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қаржы министрінің №626 бұйрығына сәйкес БКМ қолданудың жаңартылған талаптары күшіне енді. Енді әрбір чекте салық төлеушінің атауы мен ЖСН/БСН, сауда нүктесінің мекенжайы, БКМ-нің зауыттық және тіркеу нөмірлері, тауардың атауы мен коды, ҚҚС мөлшері мен сомасы (қолданылған жағдайда), сатып алу күні мен уақыты, фискалдық белгі, чектің түпнұсқалығын тексеруге арналған штрих-код, сондай-ақ фискалдық деректер операторы туралы мәліметтер міндетті түрде көрсетілуге тиіс, – деді Қарлығаш Нұрғалиева.
Сонымен қатар спикер заңнамада жекелеген санаттағы тұлғалар үшін БКМ қолданудан босату көзделгенін жеткізді. Ал телекоммуникация желісі жоқ аумақтарда кәсіпкерлер деректі беру функциясынсыз БКМ қолдана алады. Бұдан бөлек, сауда автоматтары мен төлем терминалдары қолма-қол есеп айырысу жүргізген жағдайда міндетті түрде бақылау-кассалық машиналармен жабдықталуға тиіс.
Спикердің мәліметінше, Абай облысында 2026 жылы оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі бойынша мөлшерлеме – 2%, яғни әрбір чек бюджет кірісінің қалыптасуына ықпал етеді.
Абай облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі