Облыс әкімі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысымен кездесті

Облыс әкімі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысымен кездесті

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті. Кездесу барысында өңірде кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  Облыс әкімі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті атқарушы органдар арасында өзара ынтымақтастық туралы келісіміміз бар. Кәсіпкерлікті дамыту – өңір экономикасының негізгі драйверлерінің бірі. Сондықтан шағын және орта бизнесті қолдау, сервистік қызметтерді жетілдіру, кәсіпкерлердің бастамаларын жан-жақты сүйемелдеу бағытындағы бірлескен жұмыстарымыз алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенемін», – деді Берік Уәли.

Қанат Шарлапаев өңірдегі кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстарға оң баға берді.

«Сіздер сияқты стратегиялық маңызды әрі дамып келе жатқан өңірлердің басшылығымен ынтымақтастықта болу біз үшін өте маңызды. Абай облысында кәсіпкерлерді қолдау, бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын білеміз. Біздің басты серіктестеріміздің бірі – жергілікті атқарушы органдар. Абай облысының даму қарқыны – өңірдің экономикалық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сіздермен стратегиялық серіктестікті нығайтуға және жергілікті бизнестің жаңа деңгейге шығуына барынша қолдау көрсетуге әзір», – деді ол.

Абай облысында инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 559,7 млрд теңге инвестиция тартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 616,2 млрд теңгеге жетті. Былтыр облыста инвестициялық жобалар саны 29-дан 110-ға дейін артты. 

Жалпы инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Биыл ұлттық пулға кіретін 21 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 100,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 2 476 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

 Өңірде 581 өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 417 кәсіпорын өңдеу өнеркәсібінде, 164 кәсіпорын тау-кен өндіру саласында. Шағын және орта бизнес өңір экономикасының негізгі тірегіне айналып отыр. Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша облыста 51 941 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында өткен жылы 8,3 млрд теңге бөлініп, жалпы құны 13,5 млрд теңгені құрайтын 181 жоба қаржыландырылған. Соңғы үш жылда кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен 935 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, өткен жылы өңірлік үйлестіру кеңесінің төрт отырысы өткізіліп, 128,4 млрд теңгеге 30 жоба инвестициялық деп танылып, 15 жобаға инженерлік инфрақұрылым жүргізу мақұлданды.


#Абай облысы, #"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы