Президент сұхбаты – ел дамуының айқын бағдары

Президент сұхбаты – ел дамуының айқын бағдары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбаты еліміздің қазіргі даму кезеңіндегі басты басымдықтарды айқындап, алдағы стратегиялық міндеттерді нақтылап берді. Президент көтерген мәселелер Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңғыруының өзекті бағыттарын қамтып отыр. Бұл туралы Абай облыстық мәслихатының хатшысы Шалқар Байбек пікір білдірді,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. 
Сұхбатта экономикалық реформалардың мәні, әлеуметтік әділдік қағидаттарын орнықтыру, инфляциямен күрес, салық саясатын жетілдіру, энергетика мен инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистика әлеуетін арттыру мәселелері жан-жақты айтылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру және жасанды интеллект салаларын дамыту ел экономикасының жаңа сапалы кезеңге өтуінің негізгі тетіктері ретінде атап өтілді. Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан барлық өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, қоғамда әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтыру екенін ерекше атап өтті.

Президент сұхбатында алдағы уақытта ел тағдырына тікелей әсер ететін ауқымды саяси реформалардың жаңа кезеңі басталатынына да тоқталды. Бұл бағытта заң шығару жүйесін жаңғырту, Парламент жұмысының тиімділігін арттыру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту мәселелеріне басымдық берілмек. Мұндай жүйелі өзгерістер Конституцияға түзетулер енгізуді талап етеді. Мемлекет басшысының айтуынша, конституциялық реформа жекелеген нормаларды ғана емес, жалпы елдің саяси-құқықтық негіздерін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталады. Бұл үдеріс кең қоғамдық талқылау мен жалпыұлттық келісімге сүйене отырып жүзеге асырылатыны да маңызды.

Президент көтерген «Заң мен Тәртіп», еңбекқорлық пен әлеуметтік жауапкершілік қағидаттары тек орталық деңгейдегі саясатта ғана емес, жергілікті өкілді органдардың күнделікті жұмысында да негізгі бағдар болуы тиіс. Мәслихаттар үшін бұл – қабылданатын шешімдердің сапасын арттыру, бюджеттік тәртіпті күшейту және халықтың нақты сұранысына негізделген тиімді саясат жүргізу деген сөз.

Абай облыстық мәслихаты Мемлекет басшысы айқындаған реформалар бағытын толық қолдайды. Біз үшін басты міндет – осы бастамалардың жергілікті деңгейде сапалы әрі нәтижелі іске асуына жағдай жасау. Депутаттық корпус пен атқарушы органдардың бірлескен жұмысы арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар жасай береміз.

Президент сұхбаты – ел дамуының келесі кезеңіне арналған нақты әрі сенімді жол картасы. Бұл бағдарды жүзеге асыру – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.


#Абай облысы, #экономика, #мәслихат