ӨҢІРДЕ

ӨҢІРДЕ "БІР АУЫЛ - БІР ӨНІМ" ЖОБАСЫ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА.

Былтырғы жылы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарына 378 әйел 591 қызметке жүгінген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облыстық кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бастығы Нұрасыл Мұратов мәлімдеді.
 

«Бір ауыл - бір өнім» жобасының негізгі мақсаты - ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру.
 

- Абай облысының кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері оқытудың барлық қатысушыларына сауалнама жүргізу және қоңырау шалу арқылы “Кәсіпке бағыт” бағыты бойынша қызметтердің тиімділігіне талдау жүргізді. Оқыту нәтижесінде 44 көрсетілетін қызметті алушының 19-ы монетизация, дағдылар және кәсіпорынның өсуі түрінде жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жобаның жеті түлегі «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша  Семей Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан мал сатып алу үшін жалпы сомасы 43 300 000 теңгемен қаржыландырылды, - деді Абай облыстық кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бастығы Нұрасыл Мұратов.

Аталмыш жоба ең перспективалы тауарларды анықтауға мүмкіндік береді. Оның ішіне ұлттық бұйымдар, тамақ  пен биотехникалық өнімдер кіреді.

 

- Жоба аясында елді мекенде жұмыссыз отырған қыз-келіншектер түрлі бұйымдар жасап, бір ауылдың атымен бренд ретінде жасап шығармақ. Тауарлар ел ішіне және шетелдерге экспортқа да шығарылады. Әрі табыс көзі болады. Өткен жылы сәтті жүзеге асқаннан кейін биылдан бастап бұл жоба еліміздің барлық өңірінде қолға алынды, - деді Нұрасыл Мұратов.
 

«Бір ауыл – бір өнім» 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға сәйкес әзірленген «Мен кәсіпкер» құралы аясында іске асырылуда. «Мен кәсіпкер» құралы бірнеше саланы қамтиды. Жобаны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен 2025 жылдың желтоқсанына дейін іске асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар спикер жобаға қатысу үшін жас шектеулігі жоқ екенін, кез келген адам қатыса алатынын атап өтті.


#экономика