Семейде Accor әлемдік брендінің отель құрылысы басталады
Жақында өңірде туризмнің дамуына серпін беретін Accor әлемдік брендінің отельі салынады,-деп хабарлайды abaidan.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қонақ үй нарығының көшбасшыларының бірі саналатын Accor әлем бойынша 5 500-ден астам отельге иелік етеді. Бұған дейін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Accor-дың Шығыс Еуропа елдеріндегі өңірлік даму жөніндегі вице-президенті Филипп Боне телекөпір арқылы байланысқа шығып, тараптар өзара ынтымақтастыққа мүдделі екенін жеткізген еді. Нәтижесінде жергілікті бизнес өкілдері мен әлемдік компания арасында тиісті меморандумға қол қойылды.Әлемдік брендтің Семеймен байланыс орнатуына «Елімай» ФК бастамашы болды. Бүгінде команданың ойыны көпшіліктің назарын аударып отыр. Болашақ отельдің орналасатын жері – әуежайға барар жолдағы салынып жатқан жабық манеж бен ашық алаңның жаны. Бұл жоба – аймақта туризмнің кең қанат жаюына ықпал етумен қатар, жергілікті тұрғындардың еңбекпен қамтылуына жол ашады.
Отельде 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады, олардың денін жастар құрайды. Сондай-ақ, студенттерге халықаралық стандарт бойынша қонақ үй сервисі саласында тағылымдамадан өту бағдарламалары енгізіледі. Жоба жергілікті мамандардың жұмысқа орналасып, кәсіби өсуіне мүмкіндік береді.Отель туристер мен инвесторларды тартпақ. Бұл қаланың және облыстың экономикалық дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің қызметтері және тауарларына сұранысты арттырады. Мәдениет пен білім саласына да серпін беріп, мұражайлардың, түрлі іс-шаралардың көбеюіне ықпал етеді деп күтілуде.