Семейдегі жас кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік жасалмақ

Семейдегі жас кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік жасалмақ

Өңірде бірнеше жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан бизнес-инкубатор жобасы жас кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасап, олардың кәсібін дамытуына, туындаған мәселелерді бірлесіп шешуіне жол ашып отыр. Бастама кәсіпке қызығушылық танытқан жастарды қолдап, оларды нақты әрекетке ынталандырудың тиімді құралы.

Жоба 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналған. Қатысу үшін тек ісін бастауға деген ниет пен іске асыруға лайық идея жеткілікті.

Қалада өз ісін ашқысы келетін, алайда неден бастарын білмей жүрген жастар аз емес. Әсіресе бизнес-жоспар құру, нарықты зерттеу, қаржы тарту сынды мәселелер көпшілігі үшін бейтаныс. Ақпараттық технологиялар қаншалықты дамығанымен, алғашқы кезеңде бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсететін ортаның қажеттілігі жоғары.

– Мысалы, көптеген қыз-келіншектер үйде түрлі тағамдар әзірлеп, сатумен айналысады. Алайда бұл істі тұрақты кәсіпке айналдыру үшін қандай қадамдар жасау керектігін білмейді. Біз дәл осындай жастарға – ісін енді бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз. Басты міндет – олардың бойындағы әлеуетті ашып, өз қабілетін іске асыруға жағдай жасау. Қазіргі таңда бизнес-инкубатордың нақты орны анықталды. Қажетті дайындық жұмыстары аяқталған соң, жобаны толық көлемде іске қосуға дайын боламыз, – дейді «Сана» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ұлан Тлемисов.

Жоба аясында қатысушыларға кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту, жеке кеңес беру, менторлық және практикалық қолдау ұсынылады.


#Семей, #Абай облысы, #кәсіпкерлік