Экономика 38 қаралымabaidan.kz

Жаңасемей ауданында 10 млрд теңгелік ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталуға жақын

Жаңасемей ауданында 10 млрд теңгелік ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталуға жақын

Абай облысының Жаңасемей ауданында заманауи ет өңдеу кешені салынып жатыр. Жалпы инвестициялық құны 10 млрд теңгені құрайтын «Eurasia Agro Semey» кәсіпорны толық қуатында іске қосылғанда жылына 11,4 мың тонна дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді. Жоба өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға, жергілікті шаруалардың өнімін өткізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Жаңасемей ауданында 10 млрд теңгелік ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталуға жақын

Облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданы Достық ауылдық округіне барып, кәсіпорынның құрылыс барысымен танысты. Ауқымды жобаның жалпы құны – 10 млрд теңге. Оның 4,5 млрд теңгесі ауқымды жобаларды қаржыландыру бағдарламасы аясында бөлінген. Кешен бір ауысымда 100 бас ірі қара мен жылқыны, сондай-ақ 1 000 бас ұсақ малды союға арналған заманауи өндірістік желілермен жабдықталған. Бұдан бөлек, мұнда ауысымына 5 тонна шұжық және 12 тонна консерві өнімдерін шығаратын цехтар жұмыс істейді деп жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанда 187 жұмысшы мен 30 арнайы техника жұмылдырылған. Әкімшілік-тұрмыстық корпус, негізгі өндірістік цех пен қазандықтағы жұмыстар аяқталу сатысында. Қажетті технологиялық жабдықтар да кезең-кезеңімен жеткізілуде.

Жаңасемей ауданында 10 млрд теңгелік ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталуға жақын

Облыс әкімі Берік Уәли мұндай өндіріс орындарының жергілікті ауыл шаруашылығы үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі мал шаруашылығы өнімдерін тиімді өткізуге және шикізатты терең өңдеуге жол ашады.

«Республикалық ауыл шаруашылығы форумы қарсаңында құрылыс барысымен танысайын деп арнайы келдім. Былтыр мамыр айында ет комбинатының іргетасына капсула салынған болатын. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Әрине, мұндай ірі нысанды қысқа мерзімде салу мүмкін емес. Абай облысы – ежелден мал шаруашылығына бейімделген өңір. Қазіргі таңда аймақта мал басының саны артып келеді. Бұл жоба жергілікті шаруаларға өз өнімдерін тиімді бағамен өткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде 100-ден астам шаруа қожалығымен келісім жасалған екен. Аталған кәсіпорынның іске қосылуы өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Қазірдің өзінде көптеген адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Біздің басты мақсатымыз – сапалы ет өнімдерін өндіру арқылы бұрынғы Семей ет комбинатының даңқын қайта жаңғырту. Ең бастысы, өнімнің сапасына баса мән беруіміз керек», – деді Берік Уәли.

Шынында да, кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін облыстағы ірі қара, жылқы және қой шаруашылығымен айналысатын 100-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасалған. Бұл жергілікті өндірушілерге өнім өткізудің қосымша арнасын қалыптастырып, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік береді.

«Eurasia Agro Semey» ЖШС бас директоры Қанат Қалиевтің айтуынша, кәсіпорынға қажетті технологиялық жабдықтар Еуропа мен Америкадан жеткізілген. Өндірісті кезең-кезеңімен іске қосу жоспары да әзір.

«Кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтардың барлығы заманауи. Еуропадан, Америкадан әкелінген. Жыл соңына қарай мал союды бастауды жоспарлап отырмыз. Ал қаңтар айында шұжық және консерві өнімдерін өндіруге кірісеміз. Наурыз айында фирмалық дүкендерімізді ашып, өз өнімдерімізді саудаға шығарамыз. Біз малды тек тірідей қабылдаймыз. Оны өзіміз сойып, барлық талаптар мен стандарттарға сай өңдейміз. Жұмыс күші жеткілікті. Бұрын Семей комбинатында жұмыс істеген білікті мамандарды да қатарымызға алып жатырмыз», – деді Қанат Қалиев.

Жаңасемей ауданында 10 млрд теңгелік ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталуға жақын

Жобаның өңір үшін тағы бір маңызды тұсы – жұмыспен қамту мәселесі. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда 250 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Сонымен қатар бұрынғы Семей ет комбинатында еңбек еткен тәжірибелі мамандардың өндіріс жұмысына тартылуы да саладағы кәсіби тәжірибенің сабақтастығын қамтамасыз етпек.

Осылайша, «Eurasia Agro Semey» ет өңдеу кешені іске қосылғаннан кейін Абай облысындағы мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттырып, жергілікті шикізаттан дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді. Ал кәсіпорынның алдағы өндірістік жоспары жүзеге асса, Семейдің ет өңдеу саласындағы тарихи әлеуетін жаңғыртуға да негіз қаланбақ.

 

Ақпарат Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды.