Болашақтың энергиясы: АЭС салу іргелі өзгерістерді талап етеді
Адам іс-әрекеті нәтижесінде парниктік газдың шығарылуы климатты нашарлатып, ауаны ластайды. Сондықтан әр ел электр энергиясын өндіру мәселесін қоршаған ортаға зиянсыз технологияға көшіруге тырысады.
Тәуекелдерді ескеру маңызды
Табиғи уран өндіруде әлемдік өндірістің 50%-дан астамын өндіретін елміз. Біздегі кен орындарының бірегейлігі – оны ұңғымада жер асты шаймалау (ЖАШ) әдісімен игеруге мүмкіндік бар. МАГАТЭ классификациясына сүйенсек, біздегі уран кен орындарының көпшілігі рулон типті құмтас кен орны санатында.
«Елдегі энергия өндірісінің шамамен 70%-ы көмірге негізделген электр стансаларынан алынады. Бұл еліміздің энергетикалық жүйесі көмірге тәуелді екенін көрсетеді. Ал гидроэнергетика үлесі шамамен 10%-ды құрайды. Мұнай мен газ өндіру де маңызды, бірақ оның көп бөлігін экспортқа жібереміз. Жаңартылатын энергия көздері де дамып жатыр, алайда жалпы үлесі әзірге аз. Осы тұрғыдан алғанда, АЭС салу елдің энергетикалық тәуелсіздігін арттырып, уран қорын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жоба ұзақ мерзімді экономикалық пайда әкеліп, экологиялық жағынан таза энергия көзі бола алады. Сонымен қатар АЭС тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп, жаңартылатын көздерге қосымша ретінде қызмет етеді. Технологиялық даму мен халықаралық ынтымақтастықты күшейту де маңызды артықшылықтар қатарында. Алайда қауіпсіздік пен қалдықтарды басқаруға ерекше назар аудару қажет», дейді Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Амангелдіқызы.
«Halyk Finance» басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың айтуынша, ел экономикасының дамуына кері әсерін тигізіп отырған 4 негізгі проблема бар.
«Елдегі электр энергиясының тапшылығы аймақтарға біркелкі бөлінбеген. Көмір зауыттары мен электр желілерінің жоғары тозуына байланысты елде электр қуатымен қамтамасыз ету тиісті деңгейде сенімді емес. Төмен тарифтерге байланысты электр энергетикасы саласындағы бизнес рентабельді емес, бұл ағымдағы жөндеуге, жаңа қуаттар мен желілерді салуға инвестицияларды айтарлықтай қысқартады. Мемлекеттің жеке бизнестің орнына электр энергетикасына инвестицияларды қаржыландыруға қосымша қаражаты жоқ. Өкінішке қарай, бұл мәселелер 20 жылға жуық уақыт бойы шешімін таппай келеді. Қазір де мемлекет тарапынан оларды шешудің нақты реформалық бағдарламасы жоқ», дейді.
Неге жеке инвестиция жоқ?
Электр энергетикасы саласында жеке инвестицияның өте төмен деңгейімен байланысты терең проблемалар жинақталып қалды. Соңғы 10-15 жылда электр, жылумен жабдықтау саласында ағымдағы жабдықтар мен ғимараттарды жөндеуге, жаңартуға қаражат жетпейтін болды. Бұл ретте мемлекет қана жаңа генерациялауға, электр беру қуаттарын салуға инвестиция құйып жатыр. Сондықтан салада негізгі қордың өте жоғары тозу деңгейі байқалады. Бұл облыс пен республикалық деңгейдегі дағдарысқа әкеліп соқтырады.
«Үкіметтің стратегиялық құжаттарында негізгі сұрақтың жауабы түсініксіз: елде электр энергетикасын дамытуды қалай қаржыландыру керек? Оны екі сұраққа бөлуге болады: Салаға жеке инвестицияны қалай тартуға болады? Егер жеке инвестиция келмесе, мемлекеттік бюджет тапшылығын ескере отырып, электр қуатын өндіру қуатын арттыру қалай қаржыландырылады? 2023-2029 жылға арналған Тұжырымдамада электр энергетикасын дамытуға қатысты үш маңызды мәселе қарастырылмаған: Негізгі қордың тозуын азайту мен электр энергиясы тапшылығын жоюға қанша инвестиция қажет? Бұл инвестицияны кім, (мемлекет, жеке бизнес) қалай қаржыландырады? Жеке инвестицияны тарту мен инвестиция қайтарымы, рентабельділігін қамтамасыз етуге электр энергиясы тарифін қанша көтеру керек? Құжат осы сұрақтарға жауап беруі тиіс еді», деп ойын жалғады М.Темірханов.
Сарапшы пайымынша, АЭС салу туралы бастама – дұрыс шешім, дегенмен құрылысты бастамас бұрын электр энергетикасында түбегейлі, қайтымсыз реформалар жүргізу қажет.
«Ұлттық ядролық орталық» РМК Астана филиалының директоры Майра Мұқышеваның айтуынша, әлемнің дамыған озық елдері атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды жеделдетіп жатыр. Ұлттық ядролық орталықтың (ҰЯО) негізгі құзыреттерінің бірі – атом энергетикасының қауіпсіздігіне қатысты тың зерттеулер жасау. Орталық ғалымдары жүргізген зерттеулердің нәтижесі ядролық технологиялардың ірі өндірушілерінде үлкен сұранысқа ие. Мысалы, CORMIT жобасы аясында алынған ғылыми деректер Жапонияда жұмыс істеп тұрған АЭС-те белсенді аймақтың арнайы балқыту тұзақтарын салу кезінде сәтті іске асырылды. Ядролық орталық IV буын реакторларының қауіпсіздігі саласында таяу болашақта атом энергетикасының негізіне айналатын сұйық металмен салқындатылған жылдам нейтрондардағы реакторлардың үлкен көлемін анықтауда ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр.
«Қазір «Ядролық физика институтында» білікті, тәжірибелі мамандар, инженерлік-техникалық персоналды иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істеуді ұйымдастыру әдістеріне, атом энергиясын пайдалану саласындағы қолданыстағы нормалар мен қағидаларға сәйкес иондаушы сәулелену көздерімен қауіпсіз жұмыс істеу қағидаларына, радиациялық жағдайдағы жұмыстарды бақылауға оқытатын Радиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар 2016 жылы Үкімет бастамасымен АҚШ Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің қолдауымен институт базасында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы ашылған. Бұл орталық МАГАТЭ ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы оқыту және қызметке жәрдемдесу орталықтарының халықаралық желісіне кіреді», дейді «Ядролық физика институтының» аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Дмитрий Шлимас.
Мысалы, «Ядролық физика институтының» Астана филиалында ядролық жол мембраналарын өндіруге бастапқы материал ретінде пайдаланылатын сәулелендірілген полимерлі пленка өндірісі жолға қойылған. Ол жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге негіз болады. Олар көпфункционалды, тіпті медицина мен нанотехнология саласында да жиі сұранысқа ие. Институт сонымен қатар радиофармацевтикалық препараттардың бірнеше түрін шығарып, республикалық емдеу мекемелеріне жеткізеді.
«Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС жетекші инженері Асуан Сиябековтың сөзінше, еліміздің бұл салада өте үлкен ғылыми әрі кадрлық әлеуеті бар.
«Ұлттық ядролық орталық» пен кәсіби ортада көпке жақсы таныс «Ядролық физика институты» табысты жұмыс істейді. Оның айналасында ғылыми зертханалар мен зерттеу орталықтары шоғырланған. Атом саласындағы мамандарды төрт жетекші жоғары оқу орны дайындайды. 2010 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында «Атом өнеркәсібі», «Атом ядросы мен бөлшектерінің физикасы», «Техникалық физика» (Атом электр стансалары мен қондырғылары), «Ядролық инженерия» бағытында мамандар даярланды», дейді маман.
Еуразия Ұлттық университеті «Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар» кафедрасының докторанты Солтанбек Нұргүлдің айтуынша, қазір бұл университетте Ядролық физика кафедрасының жұмыс істеп жатқанына 15 жылдан асты. Онда 600-ге тарта бакалавр, 200-ден астам магистрант, 100-ге тарта докторант даярланған.
«Біздің кафедраның өзгелерден ерекшелігі – бакалавр студенттер 4 жыл емес 5 жыл бойы білім алады. Себебі соңғы курста арнайы бағдарлама арқылы Ресейдің Дубна қаласындағы жоғары оқу орнына барып, білімін толықтырады. Сөйтіп, біздің бакалаврлар екі жоғары оқу орнының дипломын қатар алып шығады. Елімізде ядролық физика саласының қаншалықты маңызды екенін, әл бүкіл әлем елдерінде осы сала мамандары үлкен сұранысқа ие екенін осыдан да көруге болады. Сондықтан әрбір отандасымыз бейбіт атом – болашақтың сенімді энергия көзі екенін терең түсініп, ұққаны дұрыс», дейді докторант.
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ
«Egemen Qazaqstan»