Қаржылық сауаттылық: Аңдамаған алаяқтың құрбаны болады
Қаржылық сауаттылық» сөзі қазіргі уақытта трендке айналды деп жатамыз. Дегенмен оны әркім әрқалай түсінеді. Жалпы қаржы десе, бірден көзіңе ақша елестейді. Алайда сол ақшаға сырттан келетін қауіп бар екендігін біле бермейміз. Қазірде ол үлкен қаржылық мәселеге айналды. Бұдан бір-екі жыл бұрын жеңіл жолмен ақша тапқысы келген талай адам «қаржы пирамидаларының» құрбаны болса, қазірде қоғамдық сана өзгере бастады. Оған қоса киберқылмыстың түрлері де жаңарды. Адамдар мұндай қадамдарға ойланбастан бара бермейтін жағдайға жетті. Алаяқтар да «заман талабына сай» әрекеттерін өзгертті. Түрлі құйтырқы жолмен адамдардың карталары мен жиған-терген банктегі қаржыларына қол сала бастады. Бұл ретте адамдар қаржыларын өз еріктерімен беретін күйге жетті. Олардың бірі телефон арқылы сұраған кодтарды айтса, енді бірі белгісіз сілтемелерге өтіп сан соғуда. Сондай-ақ жалған қоқан – лоқы салдарынан өз қолдарымен жинаған қаржыларын шешіп беретін күйге жетті. Күн өткен сайын алаяқтар адамдарды алдап соғудың түрлі әдіс-тәсілдерін ойлап шығаруда. Міне, осылайша «қаржылық сауаттылық» заман талабына айналды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қазірде телефон алаяқтары көбейген. Елімізде әрбір екінші адам жалған банк қызметкерінен немесе қаржыға қатысы бар ұйымдардан қоңырау алады. Мысалы:
- Зейнетақы қоры атынан хабарласып, бір реттік төлем алуға болатынын айтады немесе зейнетақыны қайта есептеуге ұсыныс жасайды.
- Полиция немесе Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері ретінде хабарласып, жеке мәліметтердің тарап кетуіне жол бермеу мақсатында және алаяқтарды ұстау үшін деп немесе сіздің есебіңізден терроризмді қаржыландыруға ақша аударылды деген желеумен алдап соғады.
- Банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласқан болып, біреу сіздің жеке кабинетіңізге кірмек болды немесе онлайн-несие рәсімдемек деген сынды сөздермен қорқытады.
- Ұялы байланыс операторы болып, сим картаның жарамдылық мерзімі бітті, келісім-шартты жаңарту керек, болмаса өшіреміз деп қоқан-лоқы жасайды.
- Байқауға қатысып жатқан балама болмаса, немереме дауыс бер немесе жүлделер ойнатамыз, сауалнама толтырыңыз деп белгісіз сілтеме жібереді. Сілтемеге өткен соң, алаяқтар мессенджердегі аккаунтқа қол жеткізеді.
- Бұзылған аккаунт арқылы басқа адамдарға ақша сұрап хабарлама жібереді.
- Сырттай несие рәсімдейді.
Бұдан басқа да айлакерліктің амал-тәсілдері жетерлік. Сол себепті құқық қорғау органдары, қаржыға қатысты барлық мекемелер мен ұйымдар, банктер тұрғындарға алаяқтарға алданып қалмас үшін, үнемі ескерту жасауда. Тәртіп сақшылары күдікті хабарламалар алған жағдайда, оны ашпай, шынайылығын тексеру керектігін айтады. Сілтемені ашып қойған жағдайда, WhatsApp немесе Telegram-да “Параметрлер” бөліміне кіріп, “Байланысқан құрылғыларды” тексеру керек. Рұқсат етілмеген құрылғыларды тапқан жағдайда, оларды дереу ажыратқан жөн. Кез келген жағдайда мәселені анықтап алу керек. Тіпті болмашы нәрсеге бола алданып қалу қаупі бар. Семейде «OLX» платформасы арқылы 17 жастағы қызды алдап ақшасын алып кеткен. Белгісіз адам екі шотланд мысығын сатамын деген желеумен қыздан 34 000 теңге жымқырған. Абай облысы ПД «Киберпол» тобының полиция қызметкерлері дереу іске кірісіп, алаяқты жылдам анықтаған. Ақша иесіне қайтарылған. Ал жеңіл жолмен ақша табуды ойлаған жас жігіт жауапқа тартылған. Мұндай оқиғаларға қазірде ешкім таң қалмайды. Себебі сату, пәтерлерді жалға беру сынды түрлі платформаларда күнделікті қаншама адам аңдамай алаяқтардың құрбаны болып жатады. Өкінішке орай, олардың барлығы полицияға жүгіне бермейді. Сондай – ақ қолдарына қандай да бір адамның дерегі түскен жағдайда, алаяқтар сырттай ол адамның атына несие рәсімдеу оқиғалары да азаймай тұр. Қаншама адам алмаған несиені төлеуге мәжбүр болуда. Алдағы уақытта бұл мәселеге тосқауыл қойылмақ.
Енді банктер алаяқтар сырттай рәсімдеген несиелерді өтеуі мүмкін. Яғни, қарыз төлеуші несие рәсімдеуге қатыспаса, кейбір процедура толық орындалмаса, бар міндет банкке жүктелмек. Одан бөлек, күдік тудыратын операциялар да жіті тексерілмек. Қазір заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.
Жалпы соңғы 7 жылда кибер қылмыс саны 10 есе өскен.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2 жылда 63 миллион телефон бұғатталған. Осыған байланысты енді елімізде бір адамға бір номер ғана беріледі. Жалпы алғанда1 жылда 20 мыңнан астам адам алаяқтардың құрбаны болатын көрінеді. Сол себепті мұқият болған жөн. Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында, биыл екінші жыл қатарынан "AMANAT" партиясы Halyk Bank-пен бірге "Қарызсыз қоғам" жобасын іске асыруда. Жоба шеңберінде жүздеген ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер оқыту курстарынан өтті. Halyk елдегі жетекші банк ретінде маңызды бастамадан тыс қалмады. Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренді. Сондай-ақ несиелік қарыздардың санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді анықтауды меңгерді. Мұның барлығы азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды.
Қаржылық сауаттылық - басты қорғаның
«Қаржылық сауаттылық» туралы айтылса, оның ақшаға қаншалықты қатысы бар? Ақша болса жұмсайтын жер табылады деген ой келеді. Алайда сол ақшаны сауаттылықпен мақсатты түрде жұмсауды біле бермейміз. Бір ғана мысал. Қалта телефондағы ақша бірден жұмсалып кетеді. Тіпті байқамай да қаламыз. Себебі, супермаркетке, дүкенге немесе тіпті дәріханаға болсын бір зат аламын деп кіріп, ақшаң бар екендігіне сеніп, талай нәрсе сатып аласың. Барлығы керек сияқты болып тұрады. Мәселе осында. Жоспарсыз, мақсатсыз болған соң, қолда бар ақша жұмсалып кетеді. Егер тек қажетті нәрсеге ғана жұмсап, керегін ғана алсақ, ақша беталды жұмсалмас еді. Міне, мұның басты себебі - қаржылық сауаттылықтың жоқтығы. Сол себепті қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы адам өз қаржысын дұрыс басқаруды үйренеді. Ол дегеніміз, тапқан табысқа сәйкес өмір сүруді және әл-ауқатты жоспарлы түрде арттырып отыруды меңгеру. Бұл туралы БАҚ мен әлеуметтік желілерде жиі айтылады. Алайда көпшілік оған мән бермейді.
Қаржыны сауатты басқару дегеніміздің өзі шығындардың кірістен аспауы. Яғни, қажетсіз заттарға ақша шығармай, кірістер мен шығыстардың есебін жүргізу керек. Барлық шығындарды, тіпті елеусіз болып көрінетіндерді де қосыңыз.Түскен ақша мен жұмсалған ақшаның есебін жүргізіп отырсаңыз, бір айдан кейін сіз ақшаны қалай жұмсап отырғаныңызды білетін боласыз. Нәтижесінде сіз өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды көріп, артық шығын жасамау керектігін түсінесіз. Егер сіз тапқан ақшаны түгелдей жұмсап, қарызға батып отырсаңыз онда қаржыға деген тәуелділіктен ешқашан арылмайсыз. Сондықтан қаржыға деген сауатты көзқарасты қалыптастыру керек. Жалпы кез-келген адамның қаржылық сауаттылықты өз бетінше дамытуына болады.
Ақшаны мақсатты жұмсай білу – қаржылық сауаттылықтың негізі. Сондықтан табыс табуды, оны арттыруды ғана емес, дұрыс жұмсап, үнемдеп, басқаруды да үйрену маңызды. Ал ол үшін ең алдымен қаржылық тәртіп пен жүйе қажет.
Суреттер ЖИ көмегімен жасалды.
#Түркітілдес журналистер қоры, #қаржы, #алаяқ, #"Еркін сөз" байқауы