Тұтынушылар шағымдарына байланысты 23,7 миллион қайтарылды
Тұтынушылар шағымдарында талап еткен қаржы көлемі 45,0 млн тенге шамасында болса, оның 23,7 млн. қайтарылды. Бұл туралы Абай облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин мәлімдеді,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Баспасөз конференциясында «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы атқарылған жұмыстар, ішкі сауданы реттеу мәселесі бойынша қабылданған шаралар және «Сапалы өнім» жобасы жайлы» сөз қозғалды. Спикер ағымдағы жылдың қорытындысымен және департаменттің негізі мақсаттарымен бөлісті. 2023 жылы Департаментке 860 өтініш түскен. Ең көп шағым-арыздар жеке сауда жасауға байланысты 536 өтініш бойынша 12,2 млн. теңге, шағымдардың түсуі бойынша екінші орында электронды саудаға қатысты, 133 өтініш, 3,9 млн. тенге, тұрмыстық қызметтерге байланысты 101 өтініш түсіп, 5,3 млн. тенге өтініш иелеріне қайтарылған.
- Тұрғындар тарапынан көбінде тауарды кері қайтару сапасыз тауарларға қатысты болады. Сонымен қатар, тұрмыстық қызметтерге қатысты – жиһаз жасау, жөндеу, есік, терезелерді жасауға қатысты. Соңғы кездері интернет саудаға қатысты шағымдардың саны артуда. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Департамент сот істеріне қатысады. Өткен жылы 6 сот ісіне қатысып, барлық жағдайда тұтынушылардың талаптары орындалды. Құқықтары қалпына келтіріліп, мүдделері қорғалды.- деді спикер.
Сонымен қатар, спикердің айтуы бойынша 10 рет сатушыға Ұсыным хат жолданған. Яғни, тұтынушы құқығы бұзылуы бойынша өтініш түскенде, Департамент кәсіпкерге бармай, жоспардан тыс тексеру ашпай, Ұсыным хат жолдайды. Барлық жағдайда да тұтынушы мүддесі қорғалады. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі ішкі нарықта, сауда объектілерінің сөрелерінде сапасыз және қауіпті өнімдерден қорғау мақсатында «Сапалы Өнім» жобасын іске асыруда.
Өткен жылы Сауда министрлігінің өңірлік департаменттері уәкілетті органдармен бірлесе отырып, 246 тауарларға сараптамалық тексерулер жүргізген. Оның ішінде 40 тауар бойынша тағамдық қауіпсіздік нормативтерінің бұзылуы анықталған. Соның ішінде, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмеуі, көрсетілген сапа мен құрамының сәйкессіздігі, таңбалау талаптарының бұзылуы. Нәтижесінде Министрлікпен 83 сәйкестілік декларацияның күші жойылды.
- Біздің облыста «Қорғаушы» қоғамдық ұйымымен осы күнге дейін 7 тауарға қатысты материалдар уәкілетті органдарға қарауға жолданды. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта жалғасады. «Сапалы Өнім» бренді тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігінің кепілі болуға, ішкі нарықта бәсекелестік құруды қамтамасыз етуге, өндірушілердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етуге тиіс – деп атап өтті Асхат Сағидолдин.
2023 жылы қала және аудан әкімдіктерімен кәсіпкерлер арасында аталған тауарлардың бағасын 15 пайыздан асырмау жөнінде 1524 меморандумдар жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Облыс тұрғындары мен тұтынушыларда қандай да бір мәселе, тұтынушылық дау туындаса немесе кеңес алу қажет болса, Департаментке келіп жүгінуге болады.
Департамент мекен-жайы: Семей қаласы, Абай көшесі, 99. Жұмыс телефондары: 35-39-66, 35-37-43, 35-34-22.