1 шілдеден бастап елімізде болатын маңызды өзгерістер
1 шілдеден бастап елімізде бірқатар маңызды өзгеріс орын алмақ. Нақтырақ айтсақ, Республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция күшіне еніп, тұрғындардың өміріне тікелей қатысы бар цифрлық қызмет түрлері іске қосылмақ.
Ата заң
Шілдедегі маңызды оқиғалардың бірі 2026 жылдың 16 наурызында республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияның күшіне енуі болары анық. Ал 1995 жылы қабылданған Ата заң ресми түрде күшін жояды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің пайымынша, жаңа Конституция преамбуласын негізгі идеологиялық ұстанымдардың тұтас әрі құрылымдалған дайын жиынтығы деуге болады. Қолданыстағы қазіргі Ата заң мемлекеттiлiкті құра отырып әзірленсе, жаңа Конституция осы жылдар аралығында құрылған мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған. Преамбулада бұл жөнінде нақты жазылған. Сол секілді онда тарих, заң мен тәртіп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация, табиғатты аялау, бейбітшілік пен достық қағидаттары мен құндылықтары қамтылған.
Негізгі Заң тарихымызға қатысты жаңаша көзқарасты қалыптастырды. Еліміздің аумақтық тұтастығына қатысты нақты ұстаным бекітілді. Қазақстан зайырлы мемлекет екенін нақты белгіледі. Дәстүрлі құндылықтар ең жоғары құқықтық деңгейде қорғалды. Ел дамуының адами өлшемі енгізілді. Адам құқықтары негізгі басымдық ретінде айқындалды.
Вице-Президент институты құрылылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіреді және Президент айқындаған міндеттерді орындайды.
Бір палаталы Парламент жасақталып, ол Құрылтай деп аталады. Заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі — 5 жыл. Органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын Төраға басқарады.
Жалпыхалықтық диалогты және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жоғары консультативтік орган — Халық Кеңесі құрылады. Ел азаматтарынан құралатын Кеңес кең ауқымдағы өкілеттікке ие. Сонымен қатар заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқығы бар. Кеңес құрамында тепе-теңдік қағидаты негізінде этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің атынан 42 адамнан өкілдік етеді, оны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Мемқызметке қатысты жаңа Заң күшіне енеді
Мемлекет басшысы 19 мамырда қол қойған «Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң 1 шілдеден бастап қолданысқа енеді. Заңдағы негізгі жаңашылдықтардың бірі — ең алдымен, ол кәсіби, ашық әрі азаматтардың мүддесіне бағдарланған мемлекеттік қызметті қалыптастыруға бағытталған. Заңда ашықтық қағидатына ерекше назар аударылған. Мемлекеттік қызметшілер өз құзыреті шегінде азаматтар мен ұйымдардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
Құжат аясында алғаш рет «мемлекеттік қызметшінің мінсіз беделі» ұғымы енгізілді. Ол қызметшінің кәсіби, адамгершілік және жеке қасиеттерінің жиынтығын қамтып, мемлекеттік қызметке кіру мен оны атқаруға қойылатын талаптарды нақтылайды. Еңбек жағдайларына қатысты да бірқатар өзгерістер бар. Мемлекеттік қызметшілерге толық емес жұмыс уақыты режимін қолдану мүмкіндігі беріліп, икемді жұмыс кестесін енгізуге құқықтық негіз жасалды. Әлеуметтік кепілдіктер де айтарлықтай кеңейтілді. Бұрынғы 30 күнтізбелік күндік жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша, мемлекеттік қызмет өтілі 10 жылдан асқан қызметшілерге еңбек өтіліне қарай 3-тен 10 күнге дейін қосымша демалыс беріледі. Сонымен қатар неке қию, бала туу, бала асырап алу, жақын туыстарының қайтыс болуы сияқты жағдайларда 10 күнге дейін қысқа мерзімді ақылы демалыс қарастырылған.
Жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді
Ертеңнен бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне еніп, оның аясында 138 нормативтік-құқықтық акті өзектендіріледі.
— Құрылыс саласы цифрлық технологияларды енгізу арқылы жобалаудан бастап пайдалануға беру және қайта өңдеуді қамтитын жаңа деңгейге өтуде. Осы жаңалықтарды бекіту және саланы әрі қарай дамыту үшін жаңа Құрылыс кодексі қабылданып, биыл 9 қаңтарда қол қойылды. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін салаға қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтіліп, лицензияларды электронды тексеру және инженерлерді кезең-кезеңімен сертификаттау енгізіледі, — деген еді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, құрылыс нормаларын жетілдіру үшін халықаралық стандарттарға сай келетін Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады. Кодексті іске асыру аясында 138 нормативтік-құқықтық актіні өзектендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала құрылысы құжаттарының сапасын күшейту мақсатында барлық құрылыс жобалары, оның ішінде нақты жобалау жоспарлары міндетті сараптамадан өтетін болады. Аталған шара сапасыз жобаларды уақытылы анықтауға, жобалау қателері мен жемқорлықты болдырмауға және құжаттардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Қосымша кодексте нақты жобалау жоспарларын тек екі жылда бір рет түзетуге рұқсат етілді. Бұл құжаттардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қала құрылысы кадастрын жүргізу қағидалары өзгереді
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 26 мамырдағы бұйрығымен мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу және одан ақпарат ұсыну қағидалары бекітілген еді. Соған байланысты 1 шілдеден бастап қала құрылысы кадастры жаңа тәртіппен жұмыс істейді.
Бекітілген қағидаларға сәйкес, кадастр ел аумағында деректерді жинау, өңдеу, есепке алу, сақтау және ұсынудың бірыңғай жүйесі бойынша жүргізіледі.
Ақпарат көздері ретінде азаматтық қорғау, сәулет және қала құрылысы, білім, ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, жер қойнауын пайдалану, көлік, экология, су және орман ресурстары, мәдениет және спорт, электр энергетикасы салаларындағы уәкілетті мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар айқындалды.
Жергілікті атқарушы органдар құрылыс, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары туралы мәліметтерді, сондай-ақ сәулет-жоспарлау тапсырмаларына, жобалық құжаттамаға, нысандарды пайдалануға беру және бұзу актілеріне, қала құрылысы жобаларына қатысты материалдарды ұсынады.
Сонымен қатар табиғи монополиялар субъектілері мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары ұсынатын деректердің тізбесі де белгіленген. Оған қуаттылық, инженерлік желілер және инфрақұрылымды орналастыру схемалары туралы ақпарат кіреді.
QR төлемдердің бірыңғай банкаралық жүйесі
19 шілдеден бастап QR төлемдердің бірыңғай банкаралық жүйесі іске қосылады. Бірыңғай QR-төлем жүйесін енгізу кәсіпкерлерге POS-терминалдарды ауыстыруды қажет етпейді. Жаңа төлем жүйесі арқылы кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы тауарлар мен қызметтерге төлем жасауға болады. Сондықтан кәсіпкерлерге бірнеше терминал орнатудың қажеті жоқ, ал адамдар қандай банк құрылғысының бар не жоқ екеніне алаңдамайды.
Гранттар конкурсына өтінім қабылдау басталады
13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім беру грантын алуға үміткер талапкерлер үшін гранттар конкурсына қатысуға өтініштер қабылдау жүргізіледі. Талапкерлер құжаттарын жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн және виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн форматта, сондай-ақ eGov порталы арқылы тапсыра алады.
Грант конкурсына қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3×4 көлеміндегі фотосурет, орта білім туралы аттестат немесе колледж түлектері үшін диплом қажет. Сондай-ақ жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысатын талапкерлер растайтын құжаттарын ұсынуы тиіс.
Әскерге шақыру рәсімі цифрландырлады
4 шілдеден бастап Қорғаныс министрлігінің Азаматтарды әскери қызметке шақыру және оны ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер күшіне енеді.
Соған орай азаматтардың медициналық тексеріс нәтижелері, жеке деректері, соттылығы туралы мәліметтер және өзге құжаттар электронды базаға жүктеледі. Шақырылушылар жеке деректерін өңдеуге келісім беріп, бұл құжаттар цифрлық картаға тіркеледі. Әскерге шақыру немесе әскери жиындарға жіберу туралы бұйрықтар цифрлық жүйе арқылы рәсімделеді. Қажет жағдайда уақытша қағаз нұсқасы қолданылып, кейін жүйеге енгізіледі. Әскерге шақырумен айналысатын бөлімдер қажет мәліметтерді мемлекеттік дерекқорлар арқылы автоматты түрде алады. Егер жүйелер арасында байланыс болмаса, ақпарат тиісті органдардан 3 жұмыс күні ішінде сұрау арқылы алынады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Төтенше жағдайлар министрлігіне шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды бақылау және қадағалау функциялары берілген болатын.
Ведомство осы құзіреті аясында 1 шілдеден бастае еліміздің су айдындарындағы шағын көлемді кемелер мен олардың тұрақ базаларына тексеру жүргізеді. Тексеру барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы, кемелердің техникалық жай-күйі және пайдалану ережелері қаралады. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары қабылданады.
#Заң, #Конституция, #Референдум, #Мемлекеттік қызметші