Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 88 қаралымabaidan.kz

"22 наурызда босағама келді. Содан бері төрден орын алды": Тауманның тағдыры – қазақтың тазыға деген құрметінің көрінісі

"22 наурызда босағама келді. Содан бері төрден орын алды": Тауманның тағдыры – қазақтың тазыға деген құрметінің көрінісі

3 қыркүйек – Тазы және төбет күніне орай «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының өкілдері Семей қаласында ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген Сералы Құсманның шаңырағына арнайы барып, қазақтың тазыға деген дәстүрлі құрметі мен ұлттық тәрбиенің сабақтастығы жайында әңгімелесті.

Кездесудің басты кейіпкері – Тауман есімді қазақы тазы. Ол биыл 22 наурызда Сералы Құсманның босағасына келіп, содан бері осы шаңырақтың төрінен орын алған. Бес қысты өткерген Тауман бүгінде аңшылыққа пайдаланылатын ит қана емес, отбасының бір мүшесіне айналған.

"22 наурызда босағама келді. Содан бері төрден орын алды": Тауманның тағдыры – қазақтың тазыға деген құрметінің көрінісі

Сералы Құсманның айтуынша, қазақ халқы үшін тазының орны ежелден ерекше болған. Тазы – аңшылықтың сенімді серігі ғана емес, халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, қиын-қыстау кезеңдерде адамға қолдау болған жеті қазынаның бірі.

«Қазақ тазыны бекерден-бекер төрге шығармаған. Тазы да, бүркіт те – елдің күнкөрісіне көмектескен серігі. Ашаршылық жылдарында аң аулап, тұтас ауылды асыраған тазы болған. Сондықтан оның қазақ үшін орны бөлек», – дейді Сералы Құсман.

«Өзінің орны бар – төрде»

Тауманның есімі де кездейсоқ қойылмаған. «Тауман» атауы «тау адамы» деген мағынаны білдіреді. Төзімділігімен, алғырлығымен ерекшеленетін тазы бес қысты артқа тастап, бүгінде Сералы Құсманның шаңырағында екінші қысын қарсы алғалы отыр.

"22 наурызда босағама келді. Содан бері төрден орын алды": Тауманның тағдыры – қазақтың тазыға деген құрметінің көрінісі

Иесінің айтуынша, Тауман үйге алғаш келген күннен-ақ ерекше мінезімен көзге түскен.

«22 наурыз күні босағама келіп отырды. Содан бастап өзінің орны бар – төрде. Ақылына таңғаламын. Бүркіт екеуі қатар келген кезде бүркітке жол береді. Мұны ешкім үйреткен жоқ. Өзі біледі», – дейді ол.

Тазының шаңырақтағы орны да айрықша. Ұйықтайтын кезде иесімен бір төсекке таласып қалатын кездері бар екен. Бұл – Тауманның үйдегі жануардан отбасының толыққанды мүшесіне айналғанын аңғартатын қарапайым, бірақ мағыналы көрініс.

Қазақы дүниетанымда төр – ең құрметті орын. Сондықтан тазының төрден орын алуы – халқымыздың оған деген ежелгі ықыласы мен құрметінің бүгінгі күндегі жалғасы.

Ұлттық тәрбие – күнделікті өмірден басталады

Сералы Құсман ұлттық құндылықтарды тек сөзбен емес, күнделікті өмірімен дәріптеп келеді. Ол Семей қаласында он жылдан астам уақыт бойы «Сақ» моншасын дамытып, оны ұлттық дәстүр мен тәрбиені насихаттайтын ерекше ортаға айналдыруға мән беріп отыр.

Бүгінде мұнда Қазақстанның әр өңірінен келген қонақтармен қатар, Еуропа мен Қытайдан да саяхатшылар ат басын бұрады. Бұл – ұлттық болмысты заманауи ортада танытып, қазақтың дәстүрі мен дүниетанымын кеңінен насихаттаудың бір үлгісі.

Сералы Құсманның пікірінше, ұлттық идеология үлкен ұрандардан емес, адамның күнделікті өміріндегі қарапайым құндылықтардан басталады. Үлкенді сыйлау, дәстүрді дәріптеу, табиғат пен жануарға жанашырлық таныту, жас ұрпаққа қазақы дүниетанымды түсіндіру – ұлттық тәрбиенің ажырамас бөлігі.

Дәстүр – ұрпаққа аманат

"22 наурызда босағама келді. Содан бері төрден орын алды": Тауманның тағдыры – қазақтың тазыға деген құрметінің көрінісі

Тазы мен төбет – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақтың тазыны төрге шығаруы – жануарға деген құрметтен бөлек, атадан балаға жалғасқан ұлттық дүниетанымның белгісі.

Ұлттық мұраны сақтау және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Осы бағытта «Әділет» партиясы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи-мәдени мұраны сақтау және жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру мәселелеріне ерекше мән беріп келеді.

Партияның Әділет, Патриотизм, Жауапкершілік және Еңбек қағидаттары ұлттық құндылықтарды сөз жүзінде ғана емес, нақты іспен дәріптеуге үндейді.

Ал Тауманның төрдегі орны мен «Сақтағы» ұлттық тәрбиеге бағытталған бастамалар – қазақы дәстүрдің уақыт өткен сайын жоғалмай, керісінше, қазіргі қоғамда жаңа сипатта жалғасып келе жатқанының жарқын көрінісі.

Кейде ұлттық құндылықты түсіндіру үшін үлкен сахна немесе биік мінбер қажет емес. Бір үйдің төрінде жатқан тазы, оған деген иесінің ықыласы мен күнделікті өмірдегі қазақы тәрбие – тұтас ұлттың дүниетанымын танытатын қарапайым әрі әсерлі мысал.