Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Алакөлде бизнеске қолдауды күшейтуде: кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексінің нормалары түсіндірілді

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Алакөлде бизнеске қолдауды күшейтуде: кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексінің нормалары түсіндірілді

Белсенді туристік маусым қарсаңында Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Алакөл көлінің жағалауында кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.  Осы мақсатта Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Мұсабеков пен камералдық мониторинг басқармасының басшысы Еркежан Буркутова Мақаншы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп кәсіпкерлік субъектілерімен көшпелі кездесу өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі күшіне енуіне байланысты бизнес өкілдеріне практикалық және консультациялық қолдау көрсету. Мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері кәсіпкерлерге салық заңнамасындағы негізгі өзгерістерді, салықтық әкімшілендіру ерекшеліктерін, арнайы салық режимдерін қолдану тәртібін, сондай-ақ бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдарды пайдалану талаптарын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар қатысушыларға салық міндеттемелерін орындау тәртібі, жалдамалы қызметкерлерді рәсімдеу мәселелері, салық заңнамасын уақтылы әрі адал орындау артықшылықтары мен кассалық тәртіпті сақтау, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті барынша ашық әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік беретін тетіктер түсіндірілді.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша білікті түсіндірмелер алды. Мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері қатысушылардың өтініштеріне толық жауап беріп, практикалық ұсынымдар берді және жаңа Салық кодексінің нормаларын қолдану ерекшеліктерін түсінуге көмектесті. Осындай ашық диалог кәсіпкерлерге қажетті ақпаратты дер кезінде алуға, қателіктердің алдын алуға, өз ісін сенімді дамытуға мүмкіндік береді және мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайтады.

Бүгінгі таңда Алакөл көлінің жағалауында 329 салық төлеуші қызметін жүзеге асыруда. Мұнда деректерді тіркеу және беру функциясы бар 347 бақылау-касса машинасы және 136 POS-терминал тіркелген. Заңды кәсіпкерліктің дамуының оң серпіні Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және бизнес субъектілерінің салық мәдениетін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.

2025 жылы жүргізілген түсіндіру жұмыстары мен бақылау іс-шараларының нәтижесінде 74 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 91 жалдамалы қызметкер ресми түрде рәсімделді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің табысы шамамен 2,4 млрд теңгеге ұлғайды. Сонымен қатар салық заңнамасы талаптарын бұзғаны үшін 348 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті алдағы уақытта да Алакөл жағалауында бақылау шараларын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен ұштастыра отырып, жүйелі жұмысын жалғастырады.

Негізгі мақсат – ашық әрі қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру, салықтық сауаттылықты арттыру, кәсіпкерлік қызметті заңдастыру және мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз ету. Бұл өңірдің туристік әлеуеті мен облыс экономикасының тұрақты дамуының маңызды факторы болып табылады.


#Алакөл, #мемлекеттік кірістер басқармасы, #салық