Абай облысы дамудың даңғыл жолында
Абай облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі. Жиында аймақтағы барлық салалар бойынша жұмыстар қорытындыланып, алға қойған мақсат-міндеттер айтылды.
Туған жерден артық, одан қастерлі ештеңе жоқ. Сондай-ақ әрбір адамның болмыс-бітімі, жаратылысы өзі дүниеге келген жердің табиғатына тартады деген пікір де бар. Олай болса, кез-келген адам туған өлкесінің бөлінбес бөлшегі, жанды бейнесі. Кейде елі мен жеріне қарап халқын бағалап жататындығы содан болар. Тіршілік нұрын шашып,төңірегін нуға бөлеуден танбаған Ертісті мекендеп, өсіп-өнген, талай қатал ғасыр, нәубеттерде қанымен қоса көз жасын төге жүріп, мамыражай шақтарда арқа-жарқа өмір кешіп, сән-салтанатымен сансыз тойды өткеріп, соның бәрінде де келер күннен бір сәтте үмітін үзбеген, айналасына ақ пейілмен қараған аймақ халқына қарап, ата- баба рухы алдында басыңды иесің. Міне осындай тарихы терең киелі өлкеде дүниеге келгенімді мақтан етемін. Алайда облыстық статусын жоғалтқаннан бері Семей өңірі тозып кетіп еді.
Ширек ғасырдан кейін ел Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Абай облысы құрылды. Жаңа аймаққа жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы :
"Мен биыл халықтың қалауын ескере отырып, осы аймақта жеке облыс құру туралы шешім қабылдадым. Аталған қадам өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады. Бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық", - деген болатын.
Содан бері 2 жыл аттай зулап өте шықты. Абай облысы бүгінде өркендеп, өсіп дамудың үстінде. ол туралы кеңейтілген кеңесте айтылды.
Кеңейтілген кеңеске облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен орынбасарлары, басқарма басшылары,барлық деңгейдегі әкімдер, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, кәсіпкерлер, тұрғындар, қоғамдық кеңестер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Нұрлан Ұранхаев 8 маусым күні Президент Жарлығымен Абай облысының құрылғанына екі жыл толатындығына тоқталды. Басты мақсатымыз - Президент реформаларын сапалы жүзеге асырып, Үкіметтің алға қойған тапсырмаларын орындап, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және табысын көбейту, - деп атап өтті өңір басшысы.
Екі жыл ішінде облыста ауқымды жұмыстар атқарылды. Экономика саласында тұрақты өсім байқалады. Соңғы 2 жыл ішінде аймақ экономикасы 25 % өскен. 2022 жылдан бері облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік 53,2 мыңға өскен. Оларда 101,1 мың адам еңбек етуде. 2022-2023 жылдар аралығында облыс экономикасына 1 трлн теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде 67,1 % жеке инвестиция. 22,3 мрлд теңгеге 4 инвестициялық жоба жүзеге асқан.
Өткен жылы облыс бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 5,8% өсіп, 3 трлн теңгеге жеткен. Республика бойынша облыс 5 орында тұр. Өнім көлемінде негізгі үлесті өнеркәсіп – 32,5% ауыл шаруашылығы – 11,4% көтерме және бөлшек сауда – 9,4 құрайды.
Мемлекеттік бюджетке 257 млрд теңге салықтар мен төлемдер түскен.
Қаржы басқармасының басшысы Әділет Қожанбаев Абай облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, ауылшаруашылығындағы жағдай, қысқа және орта мерзімді дамуға арналған міндеттер, сондай-ақ өңірді дамытудың кешенді жоспарын іске асыру туралы айтып берді. «Облыс экономикасын дамыту 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспар аясында іске асады. Құжат негізінен геологиялық барлау және іздестіру жұмыстарымен қатар, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік пен туризмді дамыту, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік, экология, азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік және құқықтық тәртіп салаларындағы жобаларды қамтиды», - деп атап өтті ол.
Тұрғындарды толғандыратын мәселелерді ескере отырып, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өткен жылы әр ауданда алдағы 5 жылға әлеуметтік-экономикалық дамудың жол картасы мен жоспары әзірленген. Бұл құжат инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандарды салу, жөндеу, абаттандыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Ауылдарды дамыту үшін өткен жылы 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдама бекітілді. Бұл құжатта ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсу, сондай-ақ ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру, оны өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу көзделген.
«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасына облыстағы 325 ауылдық елді мекеннің 159-ы енген.
Өңір тарихи-мәдени мұраларға бай болғандықтан туризм саласын дамытуға мүмкіндік мол. Өткен жылы облысқа 334 мың адам келген. Алакөл көлінің жағалауы еліміздің үздік 20 туристік орындарының қатарына кіреді. Өткен жылы ол жерде 200 мың адам демалған. Жағалаудағы кәсіпкерлерден 90 млн теңгеге жуық салық түскен.
Абай облысында жылу көздері мен жылу желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы Абай облысында 11 жылу көзін және 37,9 шақырым жылу желілерін салу, қайта жаңғырту жәнеағымдағы жөндеу бойынша 28 жоба іске асырылуда. Оның ішінде Семей қаласы бойынша 19 жоба, Бородулиха ауданының Новая-Щульба кентінде екі блокты-модульді қазандық және 1,1 шақырым жылу желілерін салу, Аягөз ауданында 4,2 шақырым жылу желілерін ағымдағы жөндеу, Жарма ауданының Шуақ кентіндегі қазандықты жөндеу, Курчатов қаласында төрт жылу көзін және 2,2 шақырым жылу желілерін ағымдағы жөндеу, сондай-ақ Абай ауданы Қарауыл ауылындағы қазандық пен 500 метр жылу желілерін жөндеу бар. Бұл туралы облыстың әлеуметтік - экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков атап өтті. Осы жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозуы64,2% - дан 56,4% - ға дейін төмендейді деп күтілуде. Семей қаласын жылумен жабдықтаудың негізгі проблемаларының бірі-қаланың оң жағалауында сағатына 147 Гкал құрайтын жылу энергиясының тапшылығы. Бұл мәселені шешу үшін қуаты 360 МВт және сағатына 1200 Гкал болатын ЖЭО-3 салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу аяқталуда. Жалпы Абай облысын орталықтандырылған жылумен жабдықтауды 11 кәсіпорын қамтамасыз етеді, оның құрамында 44 жылу көзі және бюджеттік ұйымдарды жылумен қамтамасыз ететін 273 дербес қазандық бар.
2024 жылы облысты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үлесі 96,6%-ға жетпек. 2024 жылдың соңында Абай облысында 22 497 адамды қамтитын 24 сумен жабдықтау жобасы пайдалануға беріледі. Осы жобалардың ішінде 6,717 адамға есептелген ауылдық елді мекендердегі 14 нысан, сондай-ақ 15,780 адам тұратын Семей қаласындағы 8 кент пен бір көше бар. Осының арқасында облысты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үлесі 96,6%-ға жетеді.
Облыстағы су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 3,220,3 км. Су құбыры желілерінің орташа тозуы 48,1% құрайды, оның ішінде Семей – 67%, Аягөз – 31%, Курчатов – 85%. 2024-2025 жылдарға су құбыры желілерін салуға 22 жобаны іске асыру жоспарланған, соның арқасында облыста суға қолжетімділік 100% болмақ.
2024 жылы Абай облысында 394,3 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Ол 3882 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы жалпы ауданы 119,3 мың шаршы метр (1328 пәтер) 23 кредиттік үй салынуда, оның 21 -і Семейде болса 2 -і Аягөзде. Сондай-ақ, Семейде жеке инвесторлар есебінен жалпы ауданы 165,2 мың шаршы метр (1984 пәтер) 22 коммерциялық үй салынуда.
Инфрақұрылымды дамыту жөнінде 42 іс-шараны қамтитын жағалауды дамытудың Жол картасы әзірленіп, бекітілді.Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әділбек Мұсабаев баяндады. Телекоммуникация саласында министрлікпен бірлесіп Абай облысының елді мекендерін интернетпен қамтамасыз ету үшін жұмыстар жүргізілуде. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 172 елді мекенді талшықты-оптикалық интернетке қосу және ауылдық елді мекендерде 24 антенна-діңгек құрылысын салу жоспарлануда.Қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, қоғамдық көлікті, ТКШ, білім беру мен денсаулық сақтауды цифрландыруды қамтитын «ақылды» қала тұжырымдамасын іске асыруға жұмыстар атқарылуда. Жоспарланған «Смарт сити» 26 жобасының ішінде Семей қаласында көлік, логистика, қауіпсіздік және ТКШ салаларында тоғыз жоба іске асырылды. Алдағы екі жылда «ақылды» аялдамалар, бірыңғай байланыс орталығы, қоқыс алаңдары және өңірлік гео-ақпараттық жүйе сияқты 10-нан астам жобаны іске асыру жоспарлануда.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылға дейін Семей қаласында қоқыс төгетін жаңа заманауи полигонын салу жоспарланған.Сондай-ақ, бес жыл ішінде 277 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Өткен жылы облыста 75 мыңға жуық көшет отырғызылды, ал биыл тағы 65 мың ағаш отырғызу жоспарланған.
2024 жылы Абай облысында 101 әлеуметтік нысанның құрылысы басталды.
Оның ішінде: білім беру саласындағы 16 нысан, денсаулық сақтау саласында 67, спортта 9, мәдениетте 2 және әлеуметтік қамсыздандыруда 1 нысан бар.
Жалпы облыста 560 білім беру нысандары бар Оның ішінде, 167-сі мектепке дейінгі білім беру мекемелері.Мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын 2027 жылға дейін одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 2 100 орындық 9 балабақша салу жоспарлануда. Облысымызда орта білім беру жүйесін жүйелі дамыту бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр.
Тұрақсыз интернет байланысы мәселесін шешу үшін ағымдағы жылы 133 ауылдық мектеп SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернеті арқылы қосылатын болады. Аталған іс-шараның нәтижесінде, ауылдық мектептердегі интернет мәселесі шешіледі.
Қазіргі уақытта облыста 8 мыңнан астам оқушы орны тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін келесі 3 бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде:
БІРІНШІ.11 жайлы мектептің құрылысы аясында 2024-2025 жылдары 5 700 оқушы орны мәселесі шешілетін болады;
ЕКІНШІ. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорын қаржыландыру шеңберінде 2026 жылға дейін 510 орындық 6 шағын мектеп салынады;
ҮШІНШІ. Жекеменшік мектептердің құрылысын жүргізу жұмыстары.
Қолданыстағы мектептерді жаңғырту бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін жүйелі дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыста 33 колледж жұмыс істейді, оның ішінде Семей қаласында 26, ауылдық жерлерде 7 колледжорналасқан. Облыс колледждерінде барлығы 20 815 студент оқиды және 1090 педагог пен арнайы пән шеберлері жұмыс жасайды.
Оқыту 294 мамандық және 459 біліктілік бойынша жүргізіледі.
Облыстағы тұрғындарға денсаулық сақтау саласы бойынша 306 мекеме қызмет көрсетеді.
Оларда 3 679 стационарлық орын бар. Оның 3 162-і мемлекеттік болса, 517-і мемлекеттік емес мекемелер. Медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту, сондай-ақ ауыл тұрғындарын скринингпен көбірек қамту үшін жылжымалы медициналық кешендер ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда Абай облысының медициналық ұйымдарында 9 мыңнан астам (9 500) білікті медицина қызметкері, оның ішінде 2 711 дәрігер және 6 789 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. 2024 жылғы мамырдағы жағдай бойынша негізгі бағыттар бойынша 48 маман жетіспейді. Мемлекет тарапынан жас мамандарға түрлі әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында жақын арада кешенді жоспар бекітілмек және жұмыс істеп тұрған денсаулық сақтау нысандарын кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарлануда. Сондай-ақ, жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды сатып алу жалғасады.
Бүгінгі таңда Абай облысында 280 мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі мекемелері жұмыс атқаруда. Оның ішінде: 137 кітапхана, 127 клуб пен мәдениет үйі, 4 музей, 7 архив, 1 лингвистикалық орталық, 1 театр, 1 филармония, 1 облыстық халық шығармашылығы орталығы, 1 ескерткіштерді қорғау орталығы. Бұл мекемелерде 1 638 адам, оның ішінде 1139 адам шығармашылық салада қызмет етуде. Жалпы, мәдениет саласына 2023 жылы 4,9 млрд теңге бөлінді. Ағымдағы жылға 4,8 млрд теңге қарастырылған. 3 труппадан тұратын 1 театрдың ұжымы өткен жылы 429 спектакль қойып, 105 мыңға жуық адамды қамтыды.
Өткен жылы облысқа 334 мың турист келген. Абай облысы туристерді қызықтыратын тарихи-мәдени бай мұрасымен танымал. Облыс аумағында жалпы сыйымдылығы 17 379 төсек-орын болатын 325 орын жұмыс істейді. Өткен жылы облысқа 334 мың адам келген.Алакөл көлінің жағалауы – Абай облысының басты туристік көрікті жерлерінің бірі. Еліміздің ең үздік 20 туристік бағытына кіреді. 2023 жылы оған 200 мыңнан астам адам келген. Көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 4,5 млрд теңгеден асты.
Спорт саласы бойынша: бүгінгі таңда облыста 537 спорт ғимараты бар. Оның ішінде21 спорт кешені, 12 жүзу бассейні, 1 стадион; 1 ату тирі, 75 ашық хоккей корты, 1 теннис корты, 7 ипподром, 419 жазықтық спорт ғимараттары бар. 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықтың 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 51% құрады. Өткен жылы облыста жаңа 5 спорт нысаны іске қосылып, пайдалануға берілді. Биыл 5 спорт нысанын пайдалануға беріп, 5 спорт нысанының құрылысын бастау жоспарлануда. Семей қаласында, «Пищевик» стадионының жер аумағына 12 мың орындық стадион салу көзделуде. Жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, іске асыру мерзімі 2026 жыл. Облыста 23 спорт мекемесі жұмыс істейді.Онда 58 спорт түрі бойынша 15 259 спортшы жаттығып, 668 жаттықтырушы жұмыс істейді.Әртүрлі спорт түрлері бойынша Абай облысының 442 спортшысы Қазақстан Республикасының құрама командасына енді.
Жоғарыдағы мәліметтерге қарап отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы қарқынды көруге болады. Нәтижесінде Абай облысы күн санап көркейіп, өркендей бермек. Бастысы - алдағы уақытта алға қойған мақсат-міндеттердің орындалып, туған өлкеміздің алдыңғы қатардан көрінетініне сенім мол.
#Абай облысы, #Абай облысының әкімі