Абай облысы Ром Ильматовты ақтық сапарға шығарып салды

Абай облысы Ром Ильматовты ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін Абай облысының тұрғындары классикалық күрестен әлем және Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің алғашқы жаттықтырушысы Ром Ильматовты ақтық сапарға шығарып салды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Абай облысының Құрметті азаматы болған Ром Хасанұлы отандық спорт тарихында өшпестей із қалдырды.

«Бұл тамаша адамды спортқа қатысы бар барлық жан жақсы білетініне сенімдімін. Оған қарап бой түзеді. Оның отандық спортты дамытуға, даңқты спортшыларды тәрбиелеуге қосқан үлесін бағаламау мүмкін емес. Ром Ильматов спортшылар арасында ғана емес ел арасында да үлкен құрмет пен беделге ие болды. Оның даналығы, адалдығы мен еңбекқорлығы, өзгеге деген риясыз көмегі сияқты адами қасиеттері бізге әрқашан үлгі болып қала бермек», – деді облыс әкімі.

Ром Ильматов 1936 жылы 26 ақпанда Семей облысы Бородулиха ауданындағы Ауыл станциясында дүниеге келген. Еңбек жолын 1957 жылы Семей қаласындағы «Еңбек резервтері» ЕҚБ-да классикалық күрестен жаттықтырушы болып бастады. 1958 жылдың қыркүйегінен бастап Семей мал дәрігерлік институтында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істей жүріп, балуандарды баптады. Институтты бітіргеннен кейін ірі жарыстарда өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанды. Бірнеше рет Қазақ КСР құрамасы сапында КСРО чемпионаттарына қатысты. Жаттықтырушылық еңбек жолында Ром Ильматов көптеген балуандар, атақты спортшылар мен КСРО спорт шеберлерін дайындады. Ром Хасанұлы өзінің саналы ғұмырын Семей өңірінің спортын дамытуға арнады. Сондай-ақ, өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосты.


#Абай облысы, #Спорт