Абай облысында 60 мыңға жуық көшет отырғызылды
Облыс тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Бесқарағай ауданының Жыланды ауылының маңында көшет отырғызды. 12 гектар жерге 57 120 түп көшет егілді,-деп хабарлайды abaidan.kz.
Акцияға қарағайлы орманды қалпына келтіруге үлес қосқысы келетін жерлестеріміз қатысты. Олардың арасында жастар, мәслихат депутаттары, еріктілер, БАҚ өкілдері мен спортшылар бар. Акцияға кезекті мәрте қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев бұл бастаманың басты мақсаты өңірдің биоалуантүрлілігі мен экожүйесін қорғауда шешуші рөл атқаратын орманды сақтау екенін атап өтті.
«Бұл акция бір реттік шара емес. Алдағы уақытта да жалғасады. Семей қаласында «Елімай» ФК, клуб тәрбиеленушілері, «Семей» футзал командасының ойыншылары көшет отырғызып, акцияға өз үлестерін қосуда. Тазалық жұмыстарына бәріміз бір кісідей атсалысып, аймағымызды көркейту арқылы өскелең ұрпаққа үлгі бола аламыз», - деді облыс әкімі өз сөзінде.
Биыл резерват аумағындағы 6100 гектар жерге 28 млн 700 мың көшет отырғызу жоспарланған. Бұл жұмыс екі кезеңді қамтиды. Мәселен, көктемде 5 мың гектардан астам, ал қалған 961 гектарға күзде қарағайдың жас өскіндерін жерсіндіру міндеті тұр.
Анықтама: Акция басталғаннан бері облыста 12 мыңға жуық аула ретке келтіріліп, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына 13 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. 80 мың ағаш, 22 мың бұта отырғызылып, 218 саябақ пен 85 тарихи-мәдени ескерткіш абаттандырылды.
#Абай облысы, #Бесқарағай, #"Таза Қазақстан" акциясы