Абай облысында алғаш рет республикалық ASK CAMP жастар форумы өтті

Абай облысында алғаш рет республикалық ASK CAMP жастар форумы өтті

Шілде айында Абай облысында алғаш рет республикалық ASK CAMP жастар форумы өтті. Форумды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Абай облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Қазақстан студенттер альянсы» республикалық жастар қозғалысы ұйымдастырды.

Форумға еліміздің барлық өңірлерінен 300-ге жуық белсенді студенттер, волонтерлер мен жас көшбасшылар қатысты. Форматы жағынан ерекше бұл шара білім беру алаңы ғана емес, сонымен қатар дамудың, мотивация мен еркін пікір алмасудың кеңістігіне айналды. Негізгі мақсат — жастардың азаматтық санасын нығайту, патриоттық құндылықтарды дәріптеу және белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыру болды.

Лагерь стилінде өткен, үш күнге созылған форум бағдарламасы түрлі пайдалы сессиялар мен тренингтерге, мотивациялық кездесулерге және қоғамдық маңызы бар бастамаларға толы болды. Жастар дәстүрлі ASK Cup футбол турниріне, экологиялық акцияларға, практикалық жаттығулар мен командалық ойындарға қатысты. Форум күндері мазмұнды әрі мәнді өтті: «Елім-ай» демалыс орнындағы салтанатты ашылудан бастап, Жидебайдағы «Тазалық жаршысы» эко-акциясы және марапаттау рәсімімен аяқталған жабылу салтанатына дейін.

Форум аясында мемлекеттік басқару, білім беру және азаматтық қоғам саласында еңбек етіп жүрген танымал тұлғалармен ашық диалог алаңдары ұйымдастырылды. Спикерлер қатарында:

  • Тастемір Ақұлан – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Жастар және отбасы істері комитеті басқармасының басшысы;
  • Олжас Түсіпбекұлы Бейсенбаев – Абай облысы Жастар саясаты басқармасының басшысы м.а.;
  • Айрат Базенович – Alikhan Bokeikhan University проректоры;
  • Бақдәулет Болатұлы – Астана қаласы Қоғамдық кеңесі жанындағы Жастар ісі жөніндегі комиссия төрағасы;
  • Эльзира Ауесхановна – «Азаматтық Альянс» ЗТБ президенті, бала құқықтары жөніндегі өңірлік өкіл.

Олар жастармен өз тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік қызмет, білім беру және азаматтық белсенділік туралы маңызды ойларымен бөлісті. Кездесулер жастарды ел өміріне белсенді араласуға ынталандырып, жаңа идеялар мен мотивация берді.

ASK CAMP форумы «Jas Power» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба азаматтық-патриоттық тәрбие мен жас көшбасшылардың әлеуетін арттыруға бағытталған. Форум соңында қатысушылар өңірлерінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қажетті білім мен дағдыларды меңгерді. 


#Абай облысы, #жастар, #форум