Абай облысында «Отбасылық құндылықтар – әділдік пен сенімнің бастауы» облыстық фестивалі өтті
Абай облысында «Заң және тәртіп» идеологиясын қоғамның барлық саласында ілгерілету мақсатында «Отбасылық құндылықтар – әділдік пен сенімнің бастауы» атты облыстық фестиваль өтті. Шараның негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өңірдегі бірлік пен татулықты арттыру.

Фестивальдің ашылуында Абай облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов сөз сөйлеп, отбасының ел дамуындағы маңызды рөлін атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Заң және тәртіп» идеологиясын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы фестиваль – сол бастаманың өңірдегі бір көрінісі. Отбасы – тәртіптің, бірліктің, өзара сыйластықтың ошағы. Егер мемлекетіміздің тірегі – отбасынан басталады десек, заң мен тәртіп те ең алдымен әр шаңырақтан басталуы тиіс. Бүгінгі фестиваль қатысушылары ұйымшылдық пен татулықтың үлгісін көрсетеді деп сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Жарқын Жұмаділов.
Фестиваль барысында қатысушы отбасылар шығармашылық, ұлттық дәстүрлер, бірлік пен татулықты насихаттайтын түрлі кезеңдерде өз өнерлерін ортаға салды. Интерактивті сайыстар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әр отбасының ерекшелігін танытты.


Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орын Мақаншы ауданынан келген отбасыға бұйырса, екінші орынды Абай ауданы, үшін орынды Бесқарағай және Көкпекті аудандарынан келген отбасылар иеленді.
— Біз облысымыздың ең шалғай аймағы – Мақаншы ауданынан келдік. Мұндай үлкен шараға қатысу біз үшін мәртебе. Ұйымдастыру деңгейі жоғары болды. Президентіміз отбасылық саясатқа, ұрпақ тәрбиесіне айрықша назар аударып келеді. Сол себепті бұл фестиваль бүгінгі қоғам үшін өте маңызды деп есептейміз. Ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз, – деді жеңімпаз отбасының өкілі Дархан Мауытқанов.

Фестиваль өңірдегі отбасылық құндылықтарды нығайтуға, қоғамдағы өзара сенім мен бірлікті арттыруға оң ықпал етті.
#заң, #Абай облысы, #Фестиваль, #Ішкі саясат