Қоғамдық кеңестердің өңірлік дамудағы рөлі талқыланды

Қоғамдық кеңестердің өңірлік дамудағы рөлі талқыланды

Абай облысында «Қоғамдық кеңестер – ашық диалог және тиімді коммуникация» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық кеңестердің қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтудағы рөлін арттыру, ашықтық пен тиімді өзара іс-қимыл тетіктерін талқылау болды.

Семинарға облыс әкімінің орынбасары М. Раханов, Абай облысы қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Қ. Мирашев, Шәкәрім атындағы Университеттің ректоры Д. Орынбеков спикерлер, сондай-ақ қала және аудандық қоғамдық кеңес мүшелері,  қоғам белсенділері қатысты. Жиын барысында қоғамдық кеңестердің өңірлік дамудағы маңызы, қоғамдық пікірді ескеру арқылы шешім қабылдау үдерісін жетілдіру мәселелері кеңінен қозғалды. Шара аясында белсенділік танытып, қоғамдық жұмысқа үлес қосып жүрген қоғамдық кеңес мүшелеріне Алғыс хаттар табысталды. Бұл – азаматтық қоғам өкілдерінің еңбегін бағалау мен ынталандырудың айқын көрінісі болды.

Семинардың мазмұнды бөлімінде Абай облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі А. Базенов «Абай облысы қоғамдық кеңес жұмысының негізгі бағыттары туралы» баяндама жасап, кеңестің атқарып отырған жұмыстары мен алдағы міндеттеріне тоқталды. Ол қоғамдық бақылау, халықтың ұсыныс-пікірін жинақтау және мемлекеттік органдармен сындарлы диалог орнатудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар «Шығыс Қазақстан облысының талдау және болжау институты» ЖШС директоры А. Әшімова өз тәжірибесімен бөлісіп, талдау мен болжаудың басқарушылық шешімдер қабылдаудағы рөліне назар аударды. Ол деректерге сүйенген тиімді жоспарлау қоғамдық кеңестер жұмысының сапасын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Ал Абай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы М. Еділбаев «Қоғам пікірінің шешім қабылдаудағы рөлі: қоғамдық кеңестердің өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға ықпалын арттыру тетіктері» тақырыбында баяндама жасады. Ол қоғамдық кеңестердің халықтың үнін билікке жеткізудегі маңызын атап өтіп, тұрғындармен кері байланысты күшейту жолдарын ұсынды.

Семинар қорытындысында қатысушылар қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыру үшін ашық диалог, кәсіби талдау және қоғам белсенділерінің бірлескен жұмысы шешуші фактор екенін атап өтті. Мұндай іс-шаралар азаматтық қоғамды дамытуға және өңірлік деңгейде маңызды шешімдер қабылдауда қоғамдық пікірді ескеруге үлкен серпін беретіні сөзсіз.


#Семей, #Абай облысы, #қоғам