Абай облысында «Салауатты сана» жобасы 2 мыңнан астам адамды қамтыды

Абай облысында «Салауатты сана» жобасы 2 мыңнан астам адамды қамтыды

Өңірде бүгінде 78 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының Республикалық Аналар кеңесінің бастамасымен «Салауатты сана» жобасы аясында 2 032 адамды қамтыған 58 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы Аналар кеңесінің мүшесі Айжан Қуанышбаева баяндады.

Аталған жоба қоғамдағы бес әлеуметтік дертке – нашақорлық, құмар ойынға тәуелділік (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдыққа қарсы кешенді күрес жүргізуге бағытталған. Жоба шеңберінде Аналар кеңестері мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, ақпараттық-түсіндіру, сараптамалық және профилактикалық жұмыстар атқаруда.

– Қазіргі таңда қоғамда нашақорлық, құмар ойынға әуестік, отбасындағы зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сынды әлеуметтік мәселелер өзекті болып отыр. Бұл проблемаларға бейжай қарауға болмайды. Біз, Аналар кеңесі, аталған мәселелермен жүйелі түрде күрес жүргізіп келеміз. Бұл – біздің басты міндетіміз, – деді Айжан Қуанышбаева.

Зиянды әдеттерге тәуелділік бүгінде этникалық шығу тегі мен діни көзқарасына қарамастан, бүкіл қазақстандық қоғамға ортақ өзекті мәселе болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында: «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресте маңызды рөл атқарады. Қауіпсіз қоғам құру үшін бұл зиянды құбылыстардан түбегейлі арылуымыз қажет» – деп атап өткен болатын.

– Адамның еркін билеп, оны ессіз әрекетке итермелейтін зиянды әдеттер бүгінде талай тағдырды құртып, қоғамға үлкен зиян келтіруде. Мысалы, елімізде 400 мыңға жуық адам құмар ойынның құрбанына айналса, 200 мыңға жуық жасөспірім букмекерлік кеңселерде басқа адамдардың атымен бәс тігіп жүргені анықталған. Ажырасулардың 40 пайызына лудомания себеп болуда. Ал есірткіге тәуелділердің нақты саны ресми есептегіден әлдеқайда көп. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуетіне үлкен сенім артып, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Салауатты сана» бастамасы іске қосылды, – деді спикер.


#Абай облысы, #Ассамблея