Жаңа Конституция: ел болашағын айқындайтын тарихи қадам

Жаңа Конституция: ел болашағын айқындайтын тарихи қадам

Семейде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын халыққа таныстыру және талқылау мақсатында арнайы қоғамдық жиын өтті. Маңызды басқосуға облыстық және қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысты. Кездесуді Абай облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Мейрамхат Айнабеков жүргізді.

Жиын барысында ел дамуының жаңа кезеңіне сай келетін құқықтық құжат қабылдаудың өзектілігі кеңінен сөз болды. Мейрамхат Айнабеков Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі алғаш көтерілгенде 77-бапқа түзету жасау қажеттілігі туындағанын, алайда ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы тым кең болғандықтан, тұтастай жаңа Конституция қабылдау туралы шешім қабылданғанын атап өтті.

– Конституцияның 84 бабына өзгеріс енгізу көзделіп отыр. Сондықтан жекелеген түзетулермен шектелмей, жаңа Конституция қабылдау ұсынылды. Қазір оның жобасы әзірленіп, халық талқылауына ұсынылды, – деді ол.

Жаңа Конституция жобасындағы басты өзгерістердің бірі – Парламенттің құрылымы. Бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына жалпы саны 145 адамнан тұратын бір палаталы Парламент құру жоспарланып отыр. Мәжілістің атауы «Құрылтай» деп өзгертіледі. Сонымен қатар, 126 адамнан тұратын Халық кеңесін құру көзделген. Бұл органның ұсыныс енгізу жөнінде конституциялық құқығы болады.

Қоғам белсендісі, зейнеткер Зейнолла Тоқаев сайлау жүйесіне қатысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Оның айтуынша, пропорционалды жүйені қайта қарау қажет.

– Қазақстандағы партиялар саны халықтың жалпы санымен салыстырғанда аз. Сонда ел болашағын кімдер айқындайды, ал кімдер саяси үдерістен тыс қалады деген сұрақ туындайды. Сонымен қатар мәслихат депутаттарының санын арттыру керек. Қалада небәрі 15 депутат бар, бұл халықтың мүддесін толық қамтуға жеткіліксіз. Дегенмен жалпы өзгерістерді қолдаймын, заман ағымына сай қадам жасау қажет, – деді ол.

Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Әлин бұл құжатты елдің саяси және құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам деп бағалады.

– Бір палаталы Парламент Үкіметтің жауапкершілігін арттырады. Ал Халық кеңесі қоғамдық пікірді нақты шешімдермен байланыстыратын пәрменді органға айналады. Кеңестің заң шығару бастамасы мен референдумға ұсыныс айту құқығы бар. Бұл – демократиялық үдерістерді күшейтетін тетік, – деді ол.

Абай облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Серік Ақышев реформалардың негізгі өзегі – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін атап өтті.

– Қоғам өзгерді, халықтың талап-тілегі де өсті. Мемлекет те соған сай әділдік пен жауапкершілікті күшейтуі тиіс. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету және халыққа жақын билік қалыптастыру, – деді ол.

 Абай облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Вера Кропачева жаңа Конституция тек құқықтық құжат қана емес, қоғамдық сананың трансформациясына бастайтын негіз екенін айтты.

– Бұл құжаттың не үшін қажет екенін халық терең түсінуі тиіс. Журналистердің міндеті – жобаны жай ғана оқып беру емес, оны нақты өмірге қалай енгізетінімізді көрсету. Бұл білім беру жүйесіне де, отбасылық қатынастарға да тікелей әсер етеді, – деді ол.

Семей қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Гүлжан Алтынбекова әр азаматтың пікірін ескеру маңызды екенін атап өтіп, қоғамдық кеңес мүшелері жаңа Конституцияны түсіндіру жұмыстарына белсенді атсалысуы қажет екенін айтты.

Ал Абай облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Ролан Машпиев бұл өзгерістердің заман талабынан туындап отырғанын жеткізді.

– Қоғамдық ұйымдар мен заңгерлер әлеуметтік желілер арқылы өз ұсыныстарын білдіріп жатыр. Комиссия мүшелері ретінде осы пікірлерді ескерсеңіздер екен, – деді ол.

Абай облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қуаныш Сүлейменов фейк ақпараттың көптігіне назар аударып, шетелдік тәжірибеге тоқталды.

– АҚШ Конституциясы 27 рет түзетілген. Біздің Конституция да өз әлеуетін толық пайдаланды, енді оны болашақ ұрпақ үшін дамыту қажет. Бұл өзгерістер азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған, – деді ол.

Абай облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Имдат Эфендиев жаңа Конституциядағы өзгерістердің шамамен 84 пайызы жаңаруды білдіретінін айтып, жобаны толық қолдайтынын жеткізді.

– Вице-президент лауазымының енгізілуі – маңызды жаңалықтардың бірі. Сенат болмаған жағдайда бұл институт мемлекеттік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жаңа Конституция ұлттық келісім мен ел бірлігін нығайтады, – деді ол.

Жиын соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасын жалпыұлттық деңгейде талқылаудың маңызын атап өтіп, бұл құжат елдің болашағы үшін жауапты әрі тарихи қадам екенін айтты.


#Семей, #Абай облысы, #Конституциялық реформа