Абай облысында су тасқынының алдын алу жұмысы жүргізіліп жатыр
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның жоспардан тыс отырысы өтті. Жиында 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, елді мекендерді инженерлік қорғау жоспарын жүзеге асыру жөнінде жұмыс жалғасуда. Жоспарланған 63 іс-шараның 50-і орындалды, бұл жалпы көлемнің 80 пайызын құрайды. Бородулиха және Көкпекті аудандарында қалған 10 шара қараша айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін күштер мен құралдар тобы құрылды. 1345 адам, 460 техника, 19 жүзу құралдары, сондай-ақ 161 су сору құрылғысы жұмылдырылмақ. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар департаменті 11 қайық пен 2 рельефтік техника сатып алды.
Абай облысының аумағында бүгінде су қоймалары, бөгеттер мен су шаруашылығы құрылыстарын қоса алғанда 38 тірек гидротехникалық құрылыстар бар. 2025 жылы екі су қоймасы мен төрт су жинау тоғанын қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді.
Облыс әкімінің айтуынша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген су саласын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру су тасқыны кезіндегі қауіпті барынша азайтуға және халықтың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді.
«Біздің басты міндетіміз – тұрғындарды көктемгі су тасқынынан қорғау. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Нақты айтқанда, техникалар жаңартылуда, құтқарушылар тобы күшейтіліп, гидротехникалық құрылыстарды нығайту шаралары жүзеге асырылуда. Облыс 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне толық дайын болуы керек. Қала мен аудан әкімдеріне су тасқынына дайындық мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын», – деді Нұрлан Ұранхаев.
Еске салайық, биыл бірқатар ауылдық округтердегі гидротехникалық құрылыстарды тексеру және өзен арналарын реттеуге қомақты қаржы бөлінді.