Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 47 қаралымabaidan.kz

Абай облысында жол сапасын бақылауға жасанды интеллект енгізілуде

Абай облысында жол сапасын бақылауға жасанды интеллект енгізілуде

Абай облысында автожолдардың жағдайын бағалау мен жөндеу барысын бақылау цифрлық технологиялардың көмегімен жүзеге асырыла бастады. Өңірде жолдарға инструменталды диагностика жүргізіліп, жиналған мәліметтерді өңдеуге жасанды интеллект енгізілуде.Бұл жұмыстар «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы мен «KAZ Road LAB» ақпараттық жүйесін енгізу аясында жүргізіліп жатыр. Жаңа жүйелер жол активтерін басқарудың ашықтығын арттырып, жолдардың жағдайы туралы мәліметтерді бір жерге жинақтауға мүмкіндік береді.«E-Joldar» платформасында жүргізушілерге арналған ақпараттық орталық, қоғамдық бақылау, жол паспорты және жол жөндеу секілді бағыттар қамтылған. Ал Ситуациялық орталық пен Талдау модульдері жөндеу нысандарының барысын бір жүйе арқылы бақылауға мүмкіндік береді.

Мейіржан Бауыржанұлы, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” Абай облыстық филиалының жетекшісі, цифрлық платформаның жол саласындағы бақылау жұмыстарын жүйелеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Оның айтуынша, «E-Joldar» арқылы жол учаскелері туралы мәліметтерді жинақтап, жөндеу барысын бақылау және қоғамдық бақылау мүмкіндігін кеңейтуге болады. Бұл жол активтерін басқару кезінде нақты әрі жүйеленген ақпаратты пайдалануға жол ашады.

Жолдардың 100 пайызы диагностикадан өтеді

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, 2026–2027 жылдары жергілікті маңызы бар жолдарды диагностикамен 100% қамту міндеті қойылған.

Қазір Абай облысында 1 365 шақырым жолға инструменталды диагностика жүргізілуде.

Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың 851 шақырымы, облыстық маңызы бар жолдардың 856 шақырымы қамтылған. Сонымен қатар Аягөздегі 48 км, Курчатовтағы 42 км, Жаңасемейдегі 32 км көшелер мен жолдар тексерілді.

Алдағы уақытта Семей қаласының 160 км немесе 126 көшесін, сондай-ақ Бесқарағай, Аягөз және Абай аудандарының жолдарын тексеру жоспарланып отыр. Қалған аудандарды диагностикамен 2027 жылы толық қамту көзделген.

Жол жағдайын заманауи зертханалар анықтайды

Инструменталды диагностика жылжымалы жол зертханалары, лазерлік датчиктер, GPS және бейнетүсірілім арқылы жүргізіледі. Бұл технологиялар жолдың жағдайы туралы қажетті мәліметтерді жинауға мүмкіндік береді.

Айбек Тұрғанов, Жол материалдарын тексеру зертханасының меңгерушісі, заманауи диагностикалық құралдардың жол жағдайын анықтаудағы маңызына тоқталды.

Маманның айтуынша, диагностика барысында алынған деректерді цифрлық жүйелер арқылы жинақтау және өңдеу жолдағы ақауларды анықтауды жеделдетуге мүмкіндік береді. Әсіресе бейнеақауларды автоматты өңдеуге жасанды интеллектінің қолданылуы жұмыстың уақытын едәуір қысқартқан.

Қазір жолдардың бейне ақауларын автоматты өңдеу процесінде SRDS жүйесі пайдаланылады. Жасанды интеллект негізіндегі бұл технология бейнематериалдарды өңдеу уақытын 4 күннен 4 сағатқа дейін, яғни 8 есеге қысқартуға мүмкіндік берген.

Осылайша, жолдың жағдайын анықтау, ақауларды тіркеу және алынған ақпаратты өңдеу үдерісі жеделдей түсуде.

Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты – жолдардың электронды паспортын қалыптастыру. Бұл өңірдегі жол инфрақұрылымы туралы мәліметтерді жүйелеп, жөндеу жұмыстарының барысын бақылауға мүмкіндік береді.

Жаңа цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы Абай облысында жолдарды диагностикалау мен бақылаудың заманауи жүйесі қалыптасып келеді.