Өңір жастарының әлеуетін арттыру – басты міндет
Абай облысында жастар саясаты мен азаматтық қоғамды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Өңір басшысы Берік Уәлиұлы бұл салаға айрықша назар аударып, жастардың әлеуетін арттыру мен олардың әлеуметтік белсенділігін қолдау мақсатында нақты шаралар қабылдауда. Биыл жастар саясатына арналған жеке басқарма құрылып, бұл бағыттағы жұмыс жаңа деңгейге көтерілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов жастар мәселесіне тоқталып өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Айтуынша, қазіргі таңда облыста 150 217 жас бар. Бұл жалпы халық санының 24,9 пайызын құрайды (оның ішінде 78 209 ер және 72 008 әйел). Жастармен тікелей жұмыс атқаратын 13 жастар ресурстық орталығы (1 облыстық, 2 қалалық және 10 аудандық) өңірде белсенді қызмет атқаруда. Бұл орталықтарда 109 қызметкер жастарға ақпараттық және әдістемелік қолдау көрсетеді.
Жастарды толғандыратын ең өзекті мәселелердің бірі – жұмыспен қамту. Осы бағытта облыста нақты нәтижелер бар. 2025 жылдың 1 қазанына дейін Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде 7 106 жас жұмысқа орналасты,-деді облыс әкімінің орынбасары.
Оның ішінде:
- 411 жас – ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында;
- 2 307 жас – бос жұмыс орындарына;
- 2 596 жас – Мемлекет Басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында;
- 1 792 жас – субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды.
Сонымен қатар, «Business.enbek» порталы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 280 жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып жатыр. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 61 жасқа 400 АЕК көлемінде гранттар берілді.
«Жасыл ел» бағдарламасы шеңберінде 1000 жас маусымдық жұмысқа тартылды.
Өңірде NEET санатындағы жастар саны 3 492 адамды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,6%-ға азайғанын көрсетеді.
-Бүгінде 15 549 жас азамат тұрғын үй кезегінде тұр. 2025 жылы «Әскери баспана», «Наурыз / Отау» және «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым тұжырымдамасы» шеңберінде 413 жас баспанамен қамтамасыз етілді,-деді Мейірлан Раханов.
Абай облысында ел бірлігін, этносаралық татулықты және мәдени алуандықты насихаттау мақсатында 5 Достық үйі (Семей, Курчатов, Бородулиха, Бесқарағай, Жарма аудандарында) жұмыс істейді. Бұл орталықтар 46 этномәдени бірлестікті біріктіріп отыр.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы жанында Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Журналистер клубы, «Жомарт жан» орталығы, ғылыми-сараптамалық топ және этномедиация орталығы қызмет атқаруда.
2025 жылы осы құрылымдардың қатысуымен 655 іс-шара өткізіліп, оған 23 298 адам қамтылды. (2024 жылы – 1 264 іс-шара, 79 028 адам).
-Өңірде 532 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның ішінде 441 ұйым белсенді қызмет атқаруда. Облыс әкімдігі жанынан құрылған ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңес тиімді серіктестік орнатып отыр. Кеңес құрамында 15 мүше бар, жыл басынан бері азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп 150-ден астам іс-шара өткізілді,-деді деді облыс әкімінің орынбасары.
Абай облысында жастар саясаты мен азаматтық қоғамды дамыту — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды құрамдас бөлігі. Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалардың арқасында жастардың еңбек, білім және кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктері артып келеді. Ал этномәдени бірлестіктер мен ҮЕҰ-дың белсенділігі өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен азаматтық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосуда.