"Адал Ас" компаниясы мектеп бітіруші түлектерге құрмет көрсетті
Адалдық пен жауапкершілікті басты құндылықтары ретінде ұстанатын "Адал Ас" ұлттық өнім өндіруші компаниясы кезекті мәрте әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Биыл мектеп бітірген жұмысшылардың балаларын арнайы құттықтап, оларға арнап мерекелік дастархан жайып, ақшалай сыйлықтар табыс етті. Компания басшылығы мектеп бітіруші түлектерді айтулы қуаныштарымен құттықтап, болашақ өмір жолдарына сәттілік тіледі.

"Сіздердің ата-аналарыңыз сіздердің болашақтарыңыз үшін күн-түн демей еңбек етуде. Олар сіздердің жарқын болашаққа қадам басып, білімді, тәрбиелі, елге пайдалы азамат болып өсулеріңізді қалайды. Сондықтан білім алуға талпыныңыздар, армандарыңызға жету үшін аянбай еңбек етіңіздер. Еліміздің ертеңі — сіздердің қолдарыңызда. Бүгінгі түлек – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Жолдарыңыз ашық, болашақтарыңыз жарқын болсын!" — деді компания басшысы Ермек Мезібаев.
Ата-аналар да компания қамқорлығына алғыстарын білдіріп, бұл бастаманың жас ұрпаққа болашаққа сеніммен қарауға жігер беретінін атап өтті.
"Адал Ас" компаниясы бұл игі шараны дәстүрге айналдырған. Ұжым ішінде бірлік пен қолдауды нығайтатын, адами құндылықтарды ардақтайтын мұндай бастамалар компания мәдениетінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.


Әлеуметтік жауапкершілікті серік еткен компания ұжымы алдағы уақытта да ұрпақ тәрбиесі мен қызметкерлердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шараларды жалғастыра бермек.