Ана тілімнің болашағына алаңдаймын

Ана тілімнің болашағына алаңдаймын

Бүгінде өзектілігі күшеймесе, азаймай тұрған өткір мәселе бар. Ол- мемлекеттік тіл мәселесі. Жаңа Қазақстанның жастары бұл мәселеге өкінішке орай немқұрайлы қарайтын сияқты. Өкініштісі де сол. «Тәрбие – тал бесіктен» -десек, ана тілін құрметтеуді отбасынан бастау керектігі айтылғанымен, сөз жүзінде қалуда. Олай дейтініміз, қазірде жас екі отбасының бірі ана тілінде сөйлемейді. Әрине, ата-анасы қай тілде сөйлесе баланың да тілі сол тілде шығатыны анық. Ал сол жастардың өздерінің мемлекеттік тілді меңгеруге құлықтары жоқ. Неге ана тілінде сөйлемейсің? -десең, бірі балабақша мен мектепте орысша оқығандарын желеу етсе, енді бірі түсінетінін, бірақ сөйлей алмайтынын айтады. Ал кейбіреулері одан да ағылшын тілін білсе болғаны деп, «жүрекке қанжар қадап» қарап отырады. Тіпті, маған оның қажеті қанша дейтіндер де бар. Қалайша, жаның күймейді. Құжаттар мемлекеттік тілде толтырылады десек те, бұнда да шалағайлық жетеді. Себебі оның екінші жағы бар. Білмесе, басқа тілде толтыра саласың. «Тек мемлекеттік тілде» деген нақты талап жоқ. 

Біз тіл туралы қанша айтқанымызбен, «тал бесіктегі тәрбие», «ана сүтімен берілетін қасиет» болмаса, тіл мәселесі сол күйінде қала бермек. Отансүйгіштік қасиет те балаға отбасынан дариды. Тілге құрмет болмаса, елге құрмет қайдан болмақ?! Тек тіліңді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпыңды сүйіп, құрметтегенде ғана отаншыл бола аласың. Сонда ғана бала мемлекетшіл болып өседі. 

Отбасында, балабақшада, мектепте ана тілін меңгермеген адам халқымыздың құндылықтарын қайдан білсін? Өз тілін менсінбеген адам, қайдан мемлекетшіл болсын? Жалпы ұлтқа тән қасиет адамзат бойына тәрбие арқылы дариды.  Осы ретте бүгінгі Жаңа Қазақстандағы жастардың ұрпақтарын ана тілінде тәрбиелеп, бойларына ұлттық қасиеттерімізді дарытып өсірсе деп ойлайсың. Ол үшін отбасында ана тілінде сөйлесіп, балаларын қазақ тілі балабақшалар мен мектептерге берсе жақсы қадам болар еді. 


#қазақ тілі, #мемлекеттік тіл