Astana Media Week: дәстүрлі медиа апталық басталды
Елордада Astana Media Week халықаралық шарасы салтанатты түрде ашылды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Қазақпарат-қа сілтеме жасап.
Биыл дәстүрлі апталық «Медианың әсері және цифрлық үндестік» тақырыбында өтіп жатыр. Алдағы үш күн бойы жетекші сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері және танымал журналистер саланың өзекті мәселелерін талқылайды.
Сондай-ақ халықаралық медиа ұйымдардың өкілдері мен индустрия көшбасшылары пікірін ортаға салып, жаһандық трендтер мен медиа-коммуникация саласындағы озық тәжірибесімен бөліседі. Одан бөлек, іс-шара аясында 25 және 26 қыркүйек күні «Контент-Маркет» өтеді. Онда телеарналар мен продакшндар озық медиа жобаларын таныстырады деп күтілуде.
Ашылу салтанатында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құттықтау хатын вице-министр Қанат Ысқақов оқып берді.
«Құрметті әріптестер, баршаңызды жыл сайынғы Astana Media Week апталығының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл «Медианың әсері және цифрлық үндестік» тақырыбына арналуы қоғамдағы өзгерістер мен жаңа технологиялық дәуірде ақпараттық маңыздылығын тағы да айқындай түседі. Медианың күнделікті өмірде ықпалы зор, ол тек ақпаратты тарату ғана емес қоғамдық пікірді қалыптастырушы мәдениетті дамытуда үлес қосады. Цифрлық технология жылдам дамып, осы үрдістерді жаңа деңгейге көтеріп медианың ықпалын одан әрі күшейтеді. Бұл үрдістер медиа мамандарының біліктілігін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Astana Media Week медиа саласының көшбасшылары мен кәсіпқой мамандар мен сарапшыларды бір алаңға жинап, өзекті мәселелерді талқылайтын кәсіби алаңға айналды. Баршаңызға табыс тілеймін», - делінген хатта.