Асырап алынған жеткіншектерді балалар үйіне қайтару фактісі көбейген

Асырап алынған жеткіншектерді балалар үйіне қайтару фактісі көбейген

Елімізде бала асырап алғысы келетіндердің саны көбейгенімен, асырап алынған жеткіншектерді балалар үйіне қайтару мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл туралы депутаттық сауалында сенатор Амангелді Толамисов айтты, деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі  ҚазАқпарат -қа сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, кейінгі 5 жылда асырап алынған жеткіншектерді балалар үйіне қайтару фактілері 64 пайызға артқан. 2020 жылы 160 бала, 2021 жылы – 197, 2022 жылы 217 бала қайтарылған. Асырап алған баласынан бас тартқан ата-анаға мемлекет тарапынан берілген 75 АЕК көлеміндегі қаражатты мемлекетке кері қайтару, алимент төлеу және екінші рет бала асырап алу мүмкіндігінен айыру сияқты құқықтық жауапкершілік шаралары заңда қарастырылған. Мұндай жағдайлар баланың психикалық денсаулығына қатты әсер етеді. Сонымен қатар, балалар еңбегін пайдалану фактілері де тіркелген.

«Бала асырап алушыларды 3 жылға дейін толық бақылауында ұстап, арнайы сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп отыратын Бала асырап алу ұлттық агенттігі бар. Аталған агенттік аясында ата-аналарға сүйемелдеушілік көмек, психолог, заңгер сынды мамандардың қызметі ұсынылады. Алайда бұл агенттіктің мүмкіндігі барлық ел аумағын қамтуға әлі де жетпейтіні белгілі. Бұл тұрғыда бала асырап алуға ниет білдірген азаматтармен жұмыс істейтін орталықтардың ауқымын кеңейтіп, әлеуметтік қызметкердің санын көбейту қажет», - деді А. Толамисов Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, бала асырап алушы ата-аналарға арналған мамандандырылған орталықтардың жұмысын кеңейту керек.

«Аталған ақпараттардың қатарына асырап алынған бала қайтарылған кездегі заң алдындағы жауапкершілігі туралы ақпарат та енгізілсе. Сонымен қатар, бала асырап алушы ата-аналарға арналған арнайы мамандандырылған мектеп немесе орталықтардың жұмысын кеңейту маңызды. Белгілі бір уақыттан кейін асырап алған баладан бас тартқан отбасыларға заң жүзінде жауапкершілікті әлі де болса күшейту, моральдық шығын ретінде қомақты мөлшерде айыппұл салу мәселесі қарастырылуы керек», - деді Амангелді Толамисов.


#заң, #сенат, #депутат, #балалар