«Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы Ұлылар елінде

«Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы Ұлылар елінде

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы аясында ұйымдастырылған «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты республикалық экспедиция өз сапарын Абай облысынан бастады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.  Бұл ауқымды шараны «AMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, Ардагерлер кеңесі, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналы, және «ЕлАна» қоғамдық-әлеуметтік танымдық сайты бірлесе ұйымдастырып отыр. Экспедицияны белгілі қоғам қайраткері, "Мөлдір бұлақ" журналы мен "Қазақстан дәуірі" газетінің редакторы Сәуле Мешітбайқызы бастап келді. Ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың мекені — Абай облысына арнайы келген топ сапарын ұлттық өнім өндіретін «Адал Ас» компаниясынан бастады.

Компания ұжымымен кездесу барысында Сәуле Мешітбайқызы Мемлекет басшысының жаңа Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталып, ауыл шаруашылығын дамыту, экологиялық таза өнім өндіру, еңбек адамының мәртебесін көтеру және ауылдық жерлерді цифрландыру мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.

– Ұлттық өнімдер -  ұлттың тамыры, ауылдың тағдыры – елдің болашағы. Президент Жолдауында айтылған цифрлық жаңғыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін ауыл шаруашылығына тиімді енгізу – уақыт талабы. Бұл бағытта еңбек етіп жүрген «Адал Ас» сияқты отандық кәсіпорындар ел экономикасының тірегіне айналуы тиіс», – деді қоғам қайраткері.

Сондай - ақ Сәуле Мешітбайқызы тәрбие діңгегі отбасында екенін атап өтіп, жаһандану дәуірінде өскелең ұрпақтың рухани дамуы үшін олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру керек екендігіне тоқталды. Экспедиция мүшелері кәсіпорынның жұмысымен танысып, табиғи таза өнімдердің өндіріс процесін өз көздерімен көрді. Сонымен қатар, ұжым қызметкерлерімен еркін пікір алмасып, өндіріс орындарының даму әлеуеті туралы ой бөлісті.

Абай облысындағы бұл сапар – республикалық экспедицияның маңызды кезеңдерінің бірі. Алдағы уақытта топ аймақтың өзге де өңірлеріне барып, ауыл өмірімен танысып, Президент Жолдауының негізгі бағыттарын халыққа кеңінен түсіндіруді жалғастыратын болады.


#Абай облысы, #Адал Ас