«Бақытты бала – жарқын болашақ»: Семейде Балаларды қорғау күніне арналған фестиваль өтті

«Бақытты бала – жарқын болашақ»: Семейде Балаларды қорғау күніне арналған фестиваль өтті

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Семей қаласында «Бақытты бала – жарқын болашақ» атты балалар өнер фестивалі ұйымдастырылды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерекелік іс-шара балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталды. Фестиваль барысында бүлдіршіндер өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік бағдарлама аясында қызықты спорттық және зияткерлік ойындар өткізіліп, көңілді аниматорлар балалар үшін түрлі ойын-сауық шараларын ұйымдастырды. Сонымен қатар балалар шығармашылығының көрмесі, фотомақтар мен шеберлік сағаттары мерекенің сәнін келтіріп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.

Іс-шараға Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысып, бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын мерекемен құттықтады.

– Халқымызда «Бала – бауыр етің» деген дана сөз бар. Өйткені бала – әр отбасының қуанышы, елдің ертеңі, болашаққа деген сенімі мен үміті. Бала күлкісі – бейбіт өмірдің, шаттық пен бақыттың белгісі. Сондықтан өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында қаламызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Заманауи «Келешек мектептері», дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылып, Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Бұл – балалардың жан-жақты дамуына, олардың қабілеттерін шыңдап, биік белестерді бағындыруына жасалған үлкен мүмкіндік, – деді қала әкімі.

Фестиваль аясында балалар өздерінің шығармашылық қабілеттерін паш етіп, көпшілікке жарқын өнер көрсетті. Мерекелік кеш қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлап, бүлдіршіндер үшін ұмытылмас әсерге толы жарқын күнге айналды.

Балаларды қорғау күніне арналған бұл мерекелік шара өскелең ұрпаққа деген қамқорлықтың айқын көрінісі болып, балалардың қуанышы мен шаттығын еселей түсті.


#Семей, #Фестиваль, #балалар