Батыс Қазақстанда киік санын реттеу жұмысы қалай жүргізіліп жатыр
Батыс Қазақстан облысында биылғы көктемде төлдегенге дейін 2,3 млн бас киік санаққа ілікті,-деп хабарлайды abaidan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың мәлім еткеніндей, биыл соның 20 пайызын немесе 460 мың бас киікті аулау көзделіп отыр. Оның сөзіне қарағанда, киік санын реттеу жұмыстары бүгін басталды. Бұл іс-шаралар «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК күшімен атқарылады.
- Қазіргі таңда Тасқала, Бәйтерек аудандарында 4 бригада жұмыстануда. Бұған қырық шақты адам, 12 техника тартылған. Бүгін таңнан бастап киіктің текелері атылып жатыр. Қыркүйек айында кораль әдісімен аулау қосылады. Бұл науқан 1 желтоқсанға дейін созылады, - деді Н.Рахымжанов.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметі бойынша Батыс Қазақстан облысында киікті реттеу жұмысы 2023 жылы жүргізілген еді. Екі жыл бұрын тек 29 мың ақбөкен ауланған болатын.
БҚО әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, күні бүгін облыс аумағында жалпы қуаттылығы тәулігіне 1 900 бас киік соя алатын, сыйымдылығы 440 тонна тоңазытқыш камерасымен жабдықталған 7 ет өңдеу кәсіпорны («Кублей» ЖШС, «Батыс-Нық» ЖШС, «Каиров» ЖК, «Жалпақтал» АШӨК, «Жеңіс» ЖК, «Исаев» ЖК, «Амангелді» ЖК) анықталып отыр.
- Бұдан бөлек, «Атамекен Сырым» АШӨК және «Амангелді» ЖК-мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Оған қоса тәулігіне 1 950 бас киік етін өндіретін төрт кәсіпорын («ФартОйл» ЖШС, «Кубеев» ЖК, «ИД Мирас» ЖШС, «Батыс - киік» ЖШС) салынады деп жоспарланған, - деді Қ.Айтмұхамбетов.
Оның нақтылауынша, киік санын реттеу бойынша облысқа 4 бригада келіп, әзірлік жұмыстарын жүргізді. Реттеу жұмыстарын 3 шілдеде сағат 00.00-де 2 бригада Тасқала ауданында бастады. Алайда нәтиже болмағандықтан, Бәйтерек ауданына көшірілді. Бұған «Кублей» ЖШС ет өндеу кәсіпорны бекітілді. Тағы 2 бригада Ақжайық ауданынан Бәйтерекке ауыстырылды (Оған «Батыс-Нық» ЖШС бекітілді).
Жалпы, өңірде киік санын реттеу мәселесі бойынша облыстық штаб құрылған. Штаб жұмысы 2025-2027 жылдарға арналған өзара іс-қимыл схемасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 1 736 бас киік өлексесі мал молаларында өртеу әдісімен жойылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
- Алгоритмге сәйкес жергілікті атқарушы органдарға жүктелген тапсырма негізінде киік санын реттеу кезінде өлекселерді көму орындары айқындалып, арнайы орынға шығару үшін техникалар (тіркемелі трактор, экскаватор, қажетті жанар-жағар май) бөлінді. Киік санын реттеу мәселесі үздіксіз процесс екені анық. Қазіргі кезде киік өлекселері ауыл шаруашылығы жануарларына арналған мал молаларына шығарылып жатыр. Олардың орны толуына байланысты киік өлекселерін шығару үшін арнайы мола салу қажеттілігі туындап отыр, - деді облыс әкімінің орынбасары.