Берік Уәли Абай облысының даму жоспарын жариялады
Абай облысының әкімі Берік Уәли тағайындалғанынан кейін араға үш ай салып өңірдің кешенді даму жоспарын жариялады. Бұл кезең ішінде облыс әкімі 68 елді мекенді, оның ішінде 16 шалғай ауылды аралап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық тынысымен танысты. Жергілікті халықпен тікелей кездесулер, ірі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының жағдайымен танысу – жаңа жоспардың шынайы негізі болды.

Аймақ басшысы елдегі және жаһандық экономикалық үрдістерді ескере отырып, Абай облысының транзиттік әлеуеті мен географиялық ерекшеліктерін дамытуға ден қойған. Соның аясында 2028 жылға дейін өңірде 8 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Құны 2,7 триллион теңге болатын 29 инвестициялық жоба іске асырылуы жоспарланып отыр.
Солардың қатарында:
«СемАз» ЖШС өндірістік алаңын кеңейтіп, жылына 6 мың арнайы техника шығаратын зауыт;
«Казполиграф» ЖШС қағаз бен картон өнімдерін өндіретін зауыт (қуаттылығы – 40 млн дана/жылына);
«Универсал СМ» ЖШС ағаш өңдеу зауыты (қуаттылығы – 500 тонна/жылына);
«Universal Energy» компаниясының 14 МВт қуатындағы жел электр станциясы құрылысы;
«Өндіріс» индустриалды аймағының көлемі 96 гектардан 562 гектарға дейін кеңейтіледі.

Жаңа әкімнің бастамасымен шетелдік капитал тартуға ерекше мән беріліп отыр. Бүгінде 40-тан астам шетелдік инвестормен кездесу өткізілген. Осы аптада облыс басшысы Қытай Халық Республикасына іссапармен аттанады.

Бұл сапар аясында жалпы құны 1,2 миллиард АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылмақ. Сонымен қатар, Семейде алғаш рет «Инвесторлар үйі» ашылады – бұл инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мен шетелдік серіктестерге арналған бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсететін мекеме болмақ.

Семей қаласында ауқымды «Smart City Semey» жобасы іске қосылып отыр. Қаланың солтүстік бөлігінде 75 мың тұрғынға арналған жаңа ықшам аудан бой көтермек.

Бұл ауданда:
40-тан астам әкімшілік, әлеуметтік және коммерциялық нысандар,
Жастар сарайы, Жекпе-жек орталығы, Филармония, Медиа орталық, Ғалымдар үйі мен көрме орталығы, этносаябақ, балабақшалар, мектептер, колледждер, қонақ үйлер мен сауда кешендері салынады.
Осы ауданда 20–22 мың орындық жаңа футбол стадионы да бой көтермек. Бұл жобаға KazMinerals компаниясы толықтай демеушілік етеді.







Қарағанды мен Қытайдың Үрімжі қаласына тікелей әуе рейстері ашылады;
Семейде «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығы мен «PANA» қонақүй кешені салынады;
Қалада алғаш рет балаларға арналған арнайы аурухана мен клиникалық аурухана салу қолға алынбақ.
Берік Уәлидің үш айлық әкімдік қызметі – кең ауқымды диагностика мен белсенді шешім қабылдаулар кезеңі болды. Өңір экономикасын әртараптандыру, инвестициялық климатты жақсарту және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту – Абай облысын жаңа даму дәуіріне бастайтын нақты қадамдар.
Алда Қытаймен тығыз байланыс, өндіріс саласының қайта өркендеуі, ауылдардың жаңғыруы мен жаңа қалалық мәдени ортаның қалыптасуы тұр.

