Абай облысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету бағытында бірқатар шара жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек және Абай облысы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Руслан Оспанов мәлімдеді.
– Әлеуметтік қолдау шаралары азаматтардың қажеттіліктеріне қарай көрсетіледі. Сонымен қатар әлеуметтік көмекті жұмыспен қамту шараларымен ұштастыруға басымдық береміз. Негізгі мақсат – азаматтардың әлеуметтік жағдайын тұрақтандырып қана қоймай, еңбекке араласуына және тұрақты табыс көзіне ие болуына мүмкіндік жасау, – деді Айман Нұрлыбек.
Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмекпен 2 278 отбасы немесе 11 674 адам қамтылды. Сонымен қатар 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға ай сайын 1.5АЕК мөлшерде қосымша төлем беріледі. 2026 ж 1қыркүйектегі жағдай бойынша бұл төлем 3 310 мектепке дейінгі жастағы балаға тағайындалды.
Өңірде әлеуметтік қызметтерге мұқтаж азаматтарға қажетті қолдау көрсетілуде. Жыл басынан бері 12 212 азаматқа техникалық оңалту құралдары мен тиісті қызметтер ұсынылды. Бұл жұмыстар азаматтардың күнделікті қажеттіліктерін өтеуге және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Жұмыспен қамту бағытында мансап орталықтары арқылы азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылып, жұмысқа орналасуға қажетті кеңес беріледі. Жыл басынан бері 127 еңбек жәрмеңкесі мен шағын жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 4 230адам қамтылған болатын.
– Еңбек жәрмеңкелері жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің тікелей байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Азаматтарға олардың білімі мен тәжірибесіне сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылып, қажет болған жағдайда кәсіби оқуға бағытталады. Бұл – азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін негізгі тетіктердің бірі, – деді Руслан Оспанов.
Сонымен қатар жұмыспен қамту мәселелері бойынша 127 ақпараттық іс-шара өткізіліп, 1 346 азамат қамтылды. Кездесулер барысында бос жұмыс орындары, кәсіби оқыту және жұмыспен қамтудың қолжетімді шаралары туралы ақпарат берілді.
Әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту шаралары қатар жүргізіліп, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қажетті қызметтермен қамтуға және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасуда.




