Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 53 қаралымabaidan.kz

E-Joldar: Қазақстанның жол саласындағы деректер бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіріледі

E-Joldar: Қазақстанның жол саласындағы деректер бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіріледі

Қазақстанда жол саласына қатысты ақпараттарды бір жерге жинақтайтын бірыңғай цифрлық экожүйе – E-Joldar қалыптасып келеді. Жаңа платформа автомобиль жолдарының жай-күйі, құрылыс және жөндеу жұмыстары, пайдаланылатын материалдар, зертханалық бақылау нәтижелері, жол бойындағы инфрақұрылым және азаматтардың өтініштері туралы деректерді біріктіреді. Бірыңғай цифрлық платформа құру бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған болатын. Президент жолдарды салу және жөндеу туралы ақпараттың қолжетімділігін арттырып, қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігін атап өткен.

Бір жол – бір цифрлық тарих

E-Joldar платформасының басты ерекшелігі – ақпаратты нақты жолға немесе оның белгілі бір учаскесіне байланыстырып көрсету. Яғни жүйе арқылы белгілі бір жолдың техникалық сипаттамасын, бұрын жүргізілген жөндеу жұмыстарының тарихын, пайдаланылған құрылыс материалдарын, зертханалық сынақтардың нәтижелерін, жол бойындағы сервистік нысандарды және басқа да мәліметтерді бір жерден көруге мүмкіндік беріледі. Бұл тәсіл жолдың бүкіл өмірлік циклін цифрлық форматта бақылауға жол ашады. Паспортизациялау мен құрылыс кезеңінен бастап, жолды пайдалануға беру, жөндеу және сапасын бақылауға дейінгі ақпарат бір цифрлық тарихқа біріктіріледі.

Қолданыстағы жүйелер өз жұмысын жалғастырады

E-Joldar қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған салалық цифрлық жүйелерді алмастырмайды. Керісінше, олардың арасындағы деректерді біріктіріп, бірыңғай ақпараттық-талдау кеңістігін қалыптастырады.

Мысалы, KazToll жүйесі ақылы жол учаскелері туралы ақпаратты қамтиды. JolBitum және RCMBase пайдаланылатын жол материалдары мен олардың өндірілген орындары туралы деректерді нақты нысандармен байланыстыруға мүмкіндік береді. Ал KazRoadLab зертханалық сынақтардың нәтижелерін жолдың цифрлық тарихына енгізеді.

Сонымен қатар eOtinish жүйесімен интеграция азаматтардың жолдарға қатысты өтініштерін нақты учаскелермен байланыстырып, оларды жөндеу жұмыстары мен жолдың техникалық жағдайы туралы мәліметтермен салыстыруға мүмкіндік береді. Жол бойындағы инфрақұрылым жөніндегі ақпарат та назардан тыс қалмайды. Sapar жүйесі арқылы жанармай құю станциялары, демалыс орындары, тамақтану нысандары, автотұрақтар және басқа да сервистік объектілер туралы деректер енгізіледі.

Деректер жөндеу жұмыстарын жоспарлауға көмектеседі

E-Joldar-дың маңызды бағыттарының бірі – жол саласындағы деректерді талдау.

RoadIQ жүйесі арқылы жолдардың техникалық жағдайы, жүргізілген жөндеу жұмыстарының тарихы және көлік қозғалысының қарқындылығы туралы ақпаратты пайдаланып, қай учаскелерге жөндеу қажет екенін алдын ала анықтауға мүмкіндік туады.

Бұл жол инфрақұрылымына қатысты шешімдерді нақты деректерге сүйене отырып қабылдауға жағдай жасайды. Сонымен қатар жөндеуді қажет ететін учаскелерді басымдық тәртібімен анықтап, қолда бар ресурстарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Қоғамдық бақылаудың жаңа мүмкіндігі

Бірыңғай цифрлық экожүйе азаматтардың жолдардың жағдайы туралы ақпарат алу мүмкіндігін де кеңейтеді. Жолға қатысты мәліметтердің жүйеленуі қоғамдық бақылаудың ашықтығын арттыруға ықпал етеді.

Мамандар үшін E-Joldar жол инфрақұрылымын мониторингтеу мен талдаудың заманауи құралына айналса, басшылар үшін саланы басқару және нақты деректер негізінде шешім қабылдау мүмкіндігін кеңейтеді.

Осылайша, E-Joldar Қазақстанның жол саласындағы бұрын бөлек сақталған ақпараттарды бір цифрлық кеңістікке біріктіріп, автомобиль жолдарын басқарудың жаңа тәсілін қалыптастыруға бағытталған.

Басты мақсат – жол туралы қажетті ақпаратты оның бүкіл өмірлік циклі бойынша жинақтап, сапаны бақылау, жөндеуді жоспарлау және қоғамдық бақылау процестерін барынша ашық әрі тиімді ету.