Ғалымдар шетелден әкелінетін жаңғақтың қауіпті екенін анықтады
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ Ветеринария және мал шаруашылығының технологиясы факультетінің ғалымдары ғылыми жоба аясында жаңғақ өнімдерін зерттеп, олардың адам ағзасына тигізер зиянын анықтады.
«AFB1 адамдарда бауыр обырын тудырады. AFB1-ге созылмалы әсер ету қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірі. Уыттылығына келсек, AFB1 бауырды тікелей зақымдап, улайды. Бұл бауырдың созылмалы сырқатына және бауыр қызметінің нашарлауына әкеледі. Сол сияқты бүйректі зақымдайды. AFB1 созылмалы бүйрек ауруларының даму қаупін арттыруы мүмкін. AFB1 де мутаген болып табылатындықтан, ол жасушалардың ДНҚ-сында өзгерістер тудыруы ықтимал. Бұл әртүрлі мутациялар мен генетикалық анықталған аурулардың даму қаупін арттырады. Тератогендік әсері ұрықтың деформациясына алып келеді. Балалар AFB1 әсеріне осал болғандықтан, дамудың кешігуіне, өсудің баяулауына және басқа да денсаулық проблемаларына әкелуі мүмкін. Ал, Қазақстанға импортталған жаңғақ В1 афлатоксиніне тексерілмейді»- дейді азық-түлік қауіпсіздігін зерттеп жүрген жас ғалым, ҚазАТЗУ-дің қауымдастырылған профессоры, Л.Т. Аутелеева.
Соңғы жылдары елімізде жаңғақтар күнделікті жейтін тағамымыздың тұрақты атрибуттарының біріне айналған. Жаңғақтар кондитерлік өнімдерде толтырғыштар мен тағамдық қоспалар ретінде кездеседі. Өкінішке орай, біз қолданатын жаңғақ өнімдерінде афлотоксиндер кездеседі.
Оның үстіне біздің елімізде жаңғақ түрлеріне сәйкестік сертификаттарын дұрыс бақылау және тексеру дұрыс жолға қойылмаған. Мониторингтік зерттеулеріміздің нәтижелері бойынша С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ ғалымдары Қытайдан әкелінген әртүрлі жаңғақтардағы В1 афлатоксинінің максималды деңгейі Өзбекстаннан (25,5%), Ресейден, Түркиядан (25%), (19%) және Вьетнам жаңғағы (17,6%) сынамаларда 35,8 (%) асып кеткенін анықтады. Сондай-ақ, ҚазАТЗУ ғалымдары жаңғақ өсірушілер мен импорттаушылар үшін ұсынымдарды және жаңғақтардың сапасына байланысты тәуекелдер бойынша тұтынушылар үшін нұсқаулық әзірледі.
Афлатоксиндердің ашылғанына 60 жылдан астам уақыт өтсе де ғылыми прогресске қарамастан, еліміздегі тұтынушылар әлі де AFB1-мен ластанған жаңғақтарды жеуге мәжбүр. Тұтастай алғанда, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ ғалымдары мен оқытушыларының зерттеу нәтижелері бойынша базарларда сатылатын импорттық жаңғақтардың афлатоксинмен ластануының шекті рұқсат етілген деңгейден асатынын көрсетеді. Сондықтан, Сейфуллин университетінің ғалымдары азық-түлік қауіпсіздігін бақылау органдарынан денсаулыққа ауыр зардаптары бар аталмыш мәселені шешу үшін бірқатар шұғыл шараларды ұсынады.