Ғашықтық жарасынан – ғашықтың жарасына дейін немесе ән сөздерін дұрыс айтып жүрміз бе?

Ғашықтық жарасынан – ғашықтың жарасына дейін немесе ән сөздерін дұрыс айтып жүрміз бе?

Мені мазалайтын сауал, қоғамды да мазалайтын шығар деген ойдамын. Ол әрине, тағы да сол мемлекеттік тілге қатысты. Байқап қарасақ, бүгінде ауызекі сөйлегенде былай тұрсан, тіпті ақындардың бұрын жазып кеткен әндердерінің сөздерін дұрыс айтпай, бұрмалап айтады. Қазақ тілінде бір дыбыстың өзі бүтіндей бір сөздің мағынасын өзгертетіні белгілі. Олай болса, мұндай өрескел бұзушылыққа жол беруге болмайды. Басқасын былай қойып, тіпті Абай атамыздың «Көзімнің қарасы» әнін дұрыс айтпайды. Биыл Абай күнінде әу дейтін қазақтың барлығы жарыса әлеуметтік желілерде Ұлы ақынның әндерін орындады. Әрине, жақсы. Алайда оның сөздеріне мән беріп жатқан ешкім жоқ. Бірінен бірі іліп алып, әншейін айта береді. Негізі түпнұсқасында:

Көзімнің қарасы, 

Көңілімнің санасы. 

Бітпейді іштегі, 

Ғашықтық жарасы,-деп жазылған. Ал оны орындаушылар Ғашықты+ң жарасы деп әндетеді. Абай атамыздың өзі жазып кеткен әннің сөзін неге бұрмалап айтамыз? Осыны талап еткен бір жан болсайшы, шіркін. Онда тұрған не бар дейтін шығар, кейбіреулер. Сөздерін бұзбай қаз-қалпында айтса, мағынасы қандай кереемет десеңізші...әрине, түсінген адамға... Бұл мен келтіріп отырған бір ғана мысал. Айта берсе, табылады. Менің көздегенім, мұндай кемшіліктерді болдырмау. Соның алдын-алу десе болады. Кез-келген өлеңді, әнді орындамас бұрын мағынасына көңіл бөлсе, мұндайға жол бермес едік. 

Бұл ретте тағы да сол мектеп қабырғасына қайтып ораламыз. Өйткені, сөздердің мағынасын түсінбегендіктен де осындай олқылықтар кетіп жатады. Ал оны түсіну үшін тілді дұрыс меңгеру керек. Бұрындары «Мектеп», «Рауан» деген баспалардан шығатын қазақ тілі мен әдебиеттері сауаттылыққа үндейтін. Ал қазіргі оқулықтардың қайсысы грамматика, қайсысы әдебиет екенін ажырату қиын болып кетті. Қазақ тілі кітаптарында алдымен ереже жазылып, соңынан соған сай жаттығулар берілетін. Аты айтып тұрғандай «жаттығулар» сол ережені дұрыс меңгеру үшін жазылатын. Мысалы: Көптік жалғау десе, оның сөздерге қалай жалғанатыны ережеде айтылатын. Көптік жалғау — жалғанған сөзіне көптік мағына беретін қосымша деп жазылып, дыбыс үндестігіне қарай :  -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер сынды (қала-лар,үй-лер, мектеп-тер, кітап-тар) көптік жалғауы жалғанады,-деп түсіндіретін. Дәл солай қазақ тіл білімі Фонетика, Морфология, Лексика, Синтаксис деген төрт саласы бар. Оның әрқайсысын жіліктер тұрып оқытатын. Сонда оқушылар әріп, дыбыстан бастап, жалғанатын жалғау, жұрнақты меңгеріп, сөйлемдердің мағынасын біліп, сөз таптарына жіліктеп тұрып талдайтын. Сол арқылы таза, дұрыс сөйлей білу қалыптасатын. Ал қазір, бәрі өзгеше. Кімге, қалай еліктеп жасағандары белгісіз, тіл әдебиеттен, әдебиет тілден бірге тұрса да алшақтап кетті. Есесіне балалар диктант жазбайды, мазмұндай алмайды, шығарма дегенді алып тастағаннан ойларын дұрыс жеткізе білмейді. Міне, басты мәселе осында. Сондықтан, алдымен мектеп бағдарламасын дұрыстау керек. Мамандардан да соны талап ету дұрыс шығар деген ойдамын. Олай болмаған күнде, алдағы уақытта біз тілдегі сөздердің түпнұсқаларынан айрылып, дүбәра күй кешетін боламыз.


#қазақ тілі, #мемлекеттік тіл