Аягөз гарнизонында әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық деңгейін қорытынды бағалау мақсатында жылдық қорытынды сынақ тапсыру апталығы басталды.
Бір жыл бойы алған білімдері мен жинақтаған тәжірибелерін әскери қызметшілер енді қорытынды сынақ барысында көрсетеді. Сынақ бірнеше бағыт бойынша өткізіледі. Әскери қызметшілер атыс даярлығынан сынақ тапсырып, дене дайындығы бойынша нормативтер орындайды, сондай-ақ құқықтық, саптық және басқа да әскери пәндер бойынша теориялық білімдерін тест арқылы көрсетеді.
Әр бағыттағы нәтижелер әскери қызметшілердің кәсіби даярлық деңгейін айқындауға мүмкіндік береді. Қорытынды бағалау кезінде олардың практикалық дағдылары мен теориялық біліміне кешенді баға беріледі.
Жылдық сынақтың басты міндеттерінің бірі – әскери қызметшілердің сыныптық біліктілігін арттыру және растау. Сынақ нәтижесі бойынша әскери мамандар 3-сынып, 2-сынып, 1-сынып және «шебер» біліктілік деңгейлерін алуға немесе өз сыныптарын қорғауға мүмкіндік алады. Бұл – әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін шыңдап, жауынгерлік даярлықтағы жетістіктерін саралайтын маңызды кезең.




