Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 54 қаралымabaidan.kz

Мемлекеттік қызмет жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады

Мемлекеттік қызмет жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру және талантты әрі болашағы зор кадрларды тарту басым бағыттардың бірі болып табылады. Осы ретте жастардың кәсіби дамуына жағдай жасауға және жоғары оқу орындарының үздік түлектерін мемлекеттік қызметке тартуға ерекше назар аударылады.

Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік қызметке білікті мамандар мен жас кадрларды тартуға бағытталған реформалар жүзеге асырылуда. Биыл 1 шілдеде күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңға сәйкес, жоғары оқу орындарын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес деңгейде аяқтаған барлық түлектер оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде ауылдық елді мекендердегі, аудандардағы және облыс орталығы болып табылмайтын қалалардағы мемлекеттік органдардың басшы емес мемлекеттік лауазымдарына конкурстық іріктеусіз қабылдана алады.

Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек мемлекеттік білім беру гранты бойынша білім алған түлектерге берілген болатын. Жаңа Заңның қабылдануымен әлеуетті қатысушылардың қатары кеңейіп, оқыту нысанына қарамастан талантты және болашағы зор жоғары оқу орындарының түлектеріне мемлекеттік қызметте кәсіби қызметін бастауға мүмкіндік берілді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментімен келісу арқылы конкурстық іріктеусіз 43түлек мемлекеттік қызметке тағайындалды. Атап айтқанда, Жаңасемей ауданына – 9 түлек, Жарма ауданына – 6, Бесқарағай ауданына – 4, Үржар ауданына – 3, Аягөз ауданына – 2 түлектен, Ақсуат, Абай және Көкпекті аудандарына, сондай-ақ Курчатов қаласына – 1 түлектен жұмысқа орналастырылды. Тағы 15 түлек аумақтық департаменттердің аудандық бөлімшелеріне жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар, ауылдық жерде жұмыс істеуді және тұруды таңдаған жас мамандарға «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға аудан орталықтарында 2500 АЕК-ке дейін, ал басқа ауылдық елді мекендерде 2000 АЕК-ке дейін бюджеттік кредит қарастырылған. Бұл шаралар жастардың кәсіби дамуына, кадрлық әлеуетті нығайтуға және өңірлердің одан әрі дамуына қолайлы жағдай қалыптастырады.

 

Қосымша ақпарат алу үшін:

Мекенжай: Семей қаласы, Ж.Аймаутов көшесі 143 А, (Бизнес және сервис колледжі ғимараты), 2 қабат, 208 кабинет.

Жұмыс уақыты: дүйсенбі-жұма 09:00-18:30, түскі үзіліс 13:00-14:30

Байланыс телефондары: 8 7222 35-41-62, 8 7222 35 41 72.

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті