Халық үшін жұмыс істейтін орталық

Халық үшін жұмыс істейтін орталық

ҚР Әлеуметтік Кодексін іске асыру аясында облыс орталықтары мен мегаполистерде  еңбек мобильділігін қамтамасыз ететін  20 орталық құрылды.  Ал, Мансап орталықтары Еңбек мобильділігі орталықтарының филиалы ретінде жұмысын жалғастырмақ. Бұл туралы abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  Еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, орталықтар - өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлейді, аймақтағы жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жүргізеді, азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдеседі және жұмыс іздеп жүрген азаматтарды тіркеуге алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында Абай облысы Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Гүлбақыт Шауқарова баяндады.

- Мансап орталықтар қалалар мен аудандардағы еңбек мобильділігі орталықтарының филиалдары болады. Жаңа орталықтардың негізгі міндеті – ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерімен ұштастыра отырып, жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, өңірлік жұмыспен қамту саясатын іске асыру. Жұмыссыз азаматтар үшін бірінші кезекте тұрақты қолайлы бос жұмыс орнын қарастыру немесе уақытша субсидияланатын жұмыс орындары ұсынылады. Егер жұмыс іздеуші тұлғаның қажетті кәсіптік біліктілігі болмай лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмаған жағдайда, жұмыс іздеуші тұлға кәсіптік оқытуға жіберіледі, - деп атап өтті Гүлбақыт Шауқарова.

Субсидияланатын жұмыс орындары 6 түрлі түрге бөлінеді:

1. Жастар практикасы (жыл басынан бері 668 жас жұмысқа орналастырылды);

2. Алғашқы жұмыс орны (206 адам жұмыспен қамтамасыз етілді);

3. Ұрпақтар келісімшарты (15 адам жұмысқа орналастырылды);

4.Күміс жас (839 адам жұмысқа орналастырылды);

5. Әлеуметтік жұмыс орындары (417 жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылды);

6. Қоғамдық жұмыстар (3 659 адам жұмысқа орналастырылды).

- Ағымдағы жылы облыс бойынша 24 926 жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 4 594 субсидияланатын жұмыс орындарын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда 19 886 жаңа жұмыс орны яғни 79,8% құрайды, оның ішінде 5 804 субсидияланатын жұмыс орны (жылдық жоспардың 126,3%), - деп қоса кетті Гүлбақыт Шауқарова.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаға сәйкес 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде өтеусіз мемлекеттік гранттар беріледі.

Грнт алуға тіркеуде тұрған жұмыссыздар, тіркеу мерзімі 3 жылдан кем жеке кәсіпкерлер үміткер бола алады. Сондай-ақ, үміткерлер келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс: мүгедектегі бар адамдар, «қандас» мәртебесі бар тұлғалар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасы мүшелері,  мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар; асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар.

-  Әрбір қатысушы грантты тек бір рет алуға құқылы. Қағидалардың қолжетімділігі мен ашықтығы, адами факторларды азайту мақсатында және өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің барлық процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Мемлекеттік гранттарға өтініш беру бірыңғай терезе – "Business.enbek.kz" порталы арқылы жүзеге асырылады. грантқа өтініштер лектер бойынша қабылданады – жылына төрт лек болады, - деп қорытындылады Гүлбақыт Шауқарова.


#Семей, #Абай облысы